Алматыда жасырын патруль жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтады. Бұл жолы әл-Фараби даңғылында қауіпті маневрлер жасаған BMW және Toyota автокөліктері полицейлердің назарына ілікті, деп хабарлайды Tengri Auto.
Алматы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға өткен түнде әл-Фараби мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында болған. Әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері тану белгілері жоқ автокөлікпен қызмет атқару барысында ЖҚЕ өрескел бұзылуын тіркеді.
Полицияның мәліметінше, BMW және Toyota жүргізушілері жолақтарды бейберекет ауыстырып, қауіпті маневрлер жасаған және жол қозғалысының басқа қатысушыларына нақты қауіп төндірген.
Екі автокөлік те жедел түрде тоқтатылған. Жүргізушілер жіберілген бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктер мамандандырылған айыппұл тұрағына жөнелтілді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Полиция жасырын патрульдеу қауіпсіздік талаптарын саналы түрде елемейтін және апаттық жағдайлар туғызатын автокөлік жүргізушілерін анықтау үшін қолданылатынын еске салды.
Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған жол апатынан кейін Алматы жолдарында жасырын патрульдер пайда болған еді: 21 наурызда әл-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты. Mercedes-тің 29 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы бойжеткендер – оқиға орнында көз жұмды.
22 маусымда Алматыда резонансты жол апаты туралы іс бойынша үкім шықты. Сот Zeekr жүргізушісі Александр Пакты кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.