Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде және автомобиль нарығына қатысушылар арасында жеке тұлғалар үшін автокөлік әкелу тәртібінің ықтимал өзгеруі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tengri Auto.
KEDEN ақпараттық жүйесі жеке тұлғаларға ресімделетін жеңіл автомобильдерге кедендік декларацияларды қабылдауды тоқтатты деген хабарламалар бұған себеп болды.
Kolesa.kz мәліметінше, декларация тапсыру кезінде пайдаланушылар әкелуге тыйым салынғаны туралы хабарлама алған, соның салдарынан сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар автокөліктердің бір бөлігін ресімдеу мүмкін еместігін мәлімдеді.
Сонымен қатар желіде автокөлік әкелу кезіндегі кедендік төлемдердің артуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тарады.
Талқылаулар үйреншікті 48 пайыздық мөлшерлеменің орнына 33,4 пайыздық мөлшерлемені қолдануға қатысты болды. Осы орайда импорттық көліктер айтарлықтай қымбаттауы мүмкін деген қауіп туындады.
Tengri Auto редакциясы түсініктеме алу үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінді. Ведомство келесіні хабарлады:
"Қазіргі уақытта жеке тұлғалар әкелетін көлік құралдарына декларация тапсыруға қатысты ешқандай шектеулер жоқ", - деп жауап берді ведомство өкілдері.
Комитет ақпараттық жүйенің жұмысында кедендік заңнамаға байланысты ешқандай өзгерістер енгізілмегенін атап өтті. Автокөліктерді кедендік ресімдеу Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі мен Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
МКК жеке пайдалануға арналған автокөліктер міндетті түрде кедендік декларациялануы тиіс екенін еске салды. Ол үшін KEDEN жүйесі арқылы жолаушылардың кедендік декларациясын тапсырып, жеке басын куәландыратын құжаттарды, көлік құжатын, сондай-ақ көлікке иелік ету немесе билік ету құқығын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Сонымен қатар ведомство автокөлікті еркін айналымға шығару барлық көзделген кедендік алым мен салық төленгеннен кейін ғана мүмкін болатынын атап өтті.
Кедендік төлемдердің жаңа мөлшері туралы қауесеттерге қатысты МКК кедендік алымдардың бірыңғай мөлшерлемелері Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 шешімімен белгіленгенін және өзгермегенін түсіндірді.
Бұл ретте жеке пайдалану үшін автокөлік әкелу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын, соның ішінде бір жыл ішінде бір адамға бір көлік құралынан артық әкелмеу шектеуін сақтау қажет.
Айта кетейік, 2025 жылдың 20 қазанынан бастап Қазақстанда көліктің кейбір түрлерін ресімдеуге тыйым салынды.
Жеке тұлғалар ЕЭК алқасының 2017 жылғы 30 маусымдағы шешімімен бекітілген тізбеге енбеген көлік құралдарына КҚҚБЖ (СБКТС) ала алмайды.
Тиісінше, олар кедендік ресімдеуден өте алмайды, көлік құралдарының электрондық паспорттарын ала алмайды, утилизациялық алым төлеп, мемлекеттік тіркеуге тұра алмайды.