“Бұл не?“: Алматы - Қонаев тасжолындағы жаңа камералар жүргізушілерді таңғалдырды

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Бұл не?“: Алматы - Қонаев тасжолындағы жаңа камералар жүргізушілерді таңғалдырды

Қазақстанның тасжолдарының бірінде жүргізушілерді таңғалдырған ерекше нысандар пайда болды, деп хабарлайды Tengri Auto.


Бұл қандай құрылғылар және олардың қандай қызмет атқаратынын анықтап көрдік.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы бұл жасанды интеллект элементтері бар жаңа бейнеаналитика жүйесі екенін түсіндірді. Ол камералардың көмегімен жолдағы жағдайды тәулік бойы бақылап отырады.

Бұл жүйенің ерекшелігі - оның автономдылығында, яғни инфрақұрылымы жоқ шалғай жол учаскелеріне де орнатуға болады. Өйткені камералар екі қуат көзімен - күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған.

Камералардың мүмкіндіктері қандай?

Кешенге келесідей заң бұзушылықтар мен қауіпті жағдайларды анықтай алатын жасанды интеллект енгізілген:

  • жолдың жүру бөлігінде жаяу жүргіншілердің немесе жануарлардың пайда болуы;
  • қарсы бағытта немесе артқа қарай қозғалу;
  • тұрақ қағидаларын бұзу.

Бұдан бөлек, камералар көліктің мемлекеттік нөмірін, түсін және маркасын ажырата алады.

Жаңа камералар қай жерлерде орнатылады?

Қазіргі уақытта камералар Алматы – Қонаев ақылы жол учаскесінде сынақтан өтіп жатыр. Сондай-ақ мұндай кешендер Астана – Теміртау учаскесінде орнатылуда, ал Астана – Щучье учаскесінде жабдықтарды орналастыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Болашақта бұл құрылғылар автомобиль жолдарын бақылаудың бірыңғай зияткерлік жүйесінің бір бөлігіне айналады. Ол қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтауға, тиісті қызметтердің әрекет ету жылдамдығын арттыруға және жалпы республикалық тасжолдардағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді", - деп атап өтті компания өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас жүйе осыдан бір жыл бұрын Жетісу облысында пайда болған - Жайпақ ауылында күн панелінен қуат алатын жүйе орнатылған болатын.