Оралда сот әйелді ауруханаға тезірек жеткізу үшін жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіге салынған әкімшілік айыппұлдың күшін жойды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Батыс Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін полицей жүргізушіге ӘҚБтК-нің 592-бабы 2-бөлігі бойынша айыппұл төлеу туралы нұсқама берген.
Шағымды қарау барысында жүргізуші танысының денсаулығы күрт нашарлағандықтан, ЖҚЕ бұзуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол әйелді шұғыл түрде облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізуі керек болған.
Бұл жағдайлар бейнежазбалармен, медициналық құжаттармен және процесс қатысушыларының түсініктемелерімен расталды.
Іс материалдарын зерделей келе, сот жүргізуші ӘҚБтК-нің 37-бабында көзделген аса қажеттілік жағдайында әрекет еткен деген қорытындыға келді.
Сот оның әрекеттері адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алуға бағытталғанын, ал келтірілген залал алдын алынған зияннан әлдеқайда аз болғанын атап өтті.
Нәтижесінде сот шағымды қанағаттандырып, әкімшілік айыппұл төлеу туралы нұсқаманың күшін жойды және әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндірісті тоқтатты.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жүргізушілер аса қажеттілік жағдайында әрекет етіп, адам өмірін құтқаруға тырысса, ЖҚЕ бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
ҚР ӘҚБтК-нің 37-бабына ("Аса қажеттілік") сәйкес, егер жол ережесін бұзу әрекеттері адам өмірін құтқару үшін жасалса, жүргізуші жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Мысалы, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен адамды шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет болған жағдайда. Осыдан кейін жүргізуші оқиға орнына қайтып оралып, полиция қызметкерлерін күтуге міндетті.