Бензин бағасы бір жылда қалай өзгерді және алда не күтеді?

Айнұр Қапышова Корреспондент
Бензин бағасы бір жылда қалай өзгерді және алда не күтеді? Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

2025 жылы жанар-жағармай бағасы еркін айналымға жіберілді. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар жанармай түрі АИ-92 бағасының өсуіне мораторий енгізілді, ол биыл наурыздың аяғына дейін күшінде болады. Бір жыл ішінде баға қаншалықты өсті және мораторий аяқталғаннан кейін жанармай бағасы қалай өзгереді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Tengri Auto редакциясы Энергетика министрлігіне сауал жолдап, сарапшымен әңгімелесті, сондай-ақ өз есептеуін жүргізді.

2025 жылы жанар-жағармай бағасы еркін айналымға жіберілді. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар жанармай түрі АИ-92 бағасының өсуіне мораторий енгізілді, ол биыл наурыздың аяғына дейін күшінде болады. Бір жыл ішінде баға қаншалықты өсті және мораторий аяқталғаннан кейін жанармай бағасы қалай өзгереді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Tengri Auto редакциясы Энергетика министрлігіне сауал жолдап, сарапшымен әңгімелесті, сондай-ақ өз есептеуін жүргізді.

Энергетика министрлігі мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын көтеруге мораторий күшінде.

Бөлшек сауда баға дәлізі:

Реклама
Реклама
  • АИ-92 - литріне 213-239 теңгеге дейін;
  • дизель отыны - 317-337 теңгеге дейін.

"Сонымен қатар қаңтардағы баға мониторингінің қорытындысы бойынша, ірі жанармай құю станциялары желісінде АИ-92 бензинінің бөлшек бағасы қолданыстағы баға дәлізінде сақталып отыр, бағаның өсу фактілері тіркелмеді", - деп хабарлады ведомство.

Бір жыл ішінде бензин бағасы қалай өзгерді?

Еске салайық, 2025 жылғы қаңтарда Қазақстанда бензин мен дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу ресми түрде тоқтатылды.

Біз мемлекеттік реттеу жойылған күні елдің екі ірі қаласындағы ЖЖМ бағаларын тіркедік.

Астана:

  • АИ-92 - 202-205 теңгеге дейін;
  • АИ-95 - 262-273 теңгеге дейін;
  • АИ-98 - 297 теңге;
  • дизель отыны - 295-450 теңгеге дейін.

Алматы:

  • АИ-92 - 205 теңге;
  • АИ-95 - 270-278 теңгеге дейін;
  • АИ-98 - 307-340 теңгеге дейін;
  • дизель отыны - 295 теңге.

Қазіргі уақытта жағдай келесідей:

Астана:

АИ-92 - 237 теңге;
АИ-95 - 309-315 теңгеге дейін;
АИ-98 - 354-365 теңгеге дейін;
дизель отыны - 327-330 теңге.

Алматы:

АИ-92 - 239 теңге;
АИ-95 - 313-321 теңгеге дейін;
АИ-98 - 350-375 теңгеге дейін;
дизель отыны - 330-335 теңге.

Астана

Бір жыл ішінде ЖЖМ бағасы келесідей өсті:

  • АИ-92 - 32–35 теңгеге немесе шамамен 15–17 пайыз;
  • АИ-95 - 42–53 теңгеге немесе шамамен 16–20 пайыз;
  • АИ-98 - 57–68 теңгеге немесе шамамен 19–23 пайыз;
  • дизель отыны - 32–35 теңгеге немесе шамамен 11–12 пайыз өсті.

Алматы

  • АИ-92 - 34 теңгеге немесе шамамен 16,5 пайыз;
  • АИ-95 - 43–51 теңгеге немесе шамамен 16–19 пайыз;
  • АИ-98 - 35–43 теңгеге немесе шамамен 11–14 пайыз;
  • дизель отыны - 35–40 теңгеге немесе шамамен 12–14 пайыз өсті.

Есептеу бойынша, мемлекеттік реттеу жойылғаннан кейін жанармай орта есеппен 15–20 пайыз қымбаттағанын көруге болады. АИ-95 пен АИ-98 бағасы көбірек өскен.

Толық бак қанша тұрады?

Жанармай бағасы еркін айналымға жіберілгеннен кейін бір жыл ішінде қаншалықты өскенін ескере отырып, 2026 жылы көліктің толық багын толтыру қанша тұратынын есептеуге болады. Мысал ретінде көлемі 50 литр болатын бакты алып, оны толтыру бір жыл бұрын қанша тұрғанын және қазір қанша тұратынын салыстырайық.

Мемлекеттік реттеу жойылғанға дейінгі баға

Астана

АИ-92 - 10 100–10 250 теңге;
АИ-95 - 13 100–13 650 теңге;
АИ-98 - 14 850 теңге.

Алматы

АИ-92 - 10 250 теңге;
АИ-95 - 13 500–13 900 теңге;
АИ-98 - 15 350–17 000 теңге.

2026 жылғы баға

Астана

АИ-92 - 11 850 теңге;
АИ-95 - 15 450–15 750 теңге;
АИ-98 - 17 700–18 250 теңге.

Алматы

АИ-92 - 11 950 теңге;
АИ-95 - 15 650–16 050 теңге;
АИ-98 - 17 500–18 750 теңге.

Жалпы алғанда, бір жыл ішінде баға былай өзгерді: АИ-92-пен толық бакты толтыру шамамен 1 700 теңгеге, АИ-95 - шамамен 2 200 теңгеге; АИ-98 - шамамен 2 550 теңгеге қымбаттады.

Мораторий аяқталғаннан кейін не болады?

АИ-95 және АИ-98 бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты нарықтық жағдайда қалыптасады.

Біз АИ-92 мен дизель отыны бағасы да еркін айналымға жіберілсе не болатынын біліп көрдік.

Министрлік өкілдері мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу біртіндеп жүзеге асатынын айтты.

Сарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, АИ-92 бағасын мемлекет тарапынан бақылау маңызды, өйткені бұл халық арасында ең танымал жанармай түрі және елдегі автопарктің көп бөлігі ескі көліктерден тұрады.

"Егер 92-бензин бағасын реттемесе, жалпы елдегі өмір сүру құны өседі. Сондықтан мемлекет оны реттеп отырғаны дұрыс", - деді ол.

Ең төмен баға

Алексеевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар жанармай бағасы көп жылдан бері реттеліп келеді. Бірақ ЖЖМ бағасы біртіндеп өсіп келеді, әрі тек Қазақстанда ғана емес. Дегенмен біздің елде баға әлі де салыстырмалы түрде арзан.

"Біз 92-бензиннің әлем бойынша ең төмен бағаларының бірін сақтап отырмыз, бұл мақтануға тұрарлық. Менің ойымша, мемлекет әрі қарай да төмен бағаны ұстап тұрады, өйткені бұл инфляцияны тежеудің негізгі шараларының бірі", - деді ол.

Сарапшының түсіндіруінше, 92-бензин бағасының өсуі логистика мен тасымал қызметтері арқылы басқа тауарлардың да қымбаттауына әсер етеді.

Сонымен қатар ол дизель отынының бағасы күрт көтеріліп, әлі де өсіп жатқанын айтты.

"Біз бағаны тағы да Ресеймен қатар көтердік. Өйткені, егер бізде ескі баға қалып, оларда жаңа баға болса, онда біздің дизель отыны шетелге ағылатын еді", - деді Алексеев.

Бағаны әрі қарай реттеу керек пе?

Алексеевтің пікірінше, мемлекет көрші елдерге "сұр экспорт" болса да, әртүрлі тетікті қолданып, 92-бензин бағасын ұстап тұруды жалғастырады.

"Біздің арзан бензинімізді көрші елдер пайдаланып жатқанына қарамастан, бағаны ұстап тұру маңызды, мұны бәрі түсінеді", - деді ол.

Жанармайдың шетелге ағылуын болдырмау үшін бағаны көрші елдермен теңестіру керек деген пікір бұрыннан айтылып келеді. Бірақ сарапшы бұл мәселеге басқаша қарайды. Оның пікірінше, ең алдымен жанармайдың сатылымына емес, өндірісіне назар аудару қажет.

"Менің ойымша, біз елде жаңа мұнай өңдеу зауытын салуымыз керек. Жанармай өндірісін арзандатып, оны, ең болмаса 92-бензинді одан да арзан ету керек", - деді Алексеев.

Айта кетейік, 10 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мұнай өңдеу зауыты бойынша шешім қабылдауды тапсырды.

Үкімет төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылыс мерзімін жариялады. 17 ақпанда өткен үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев 2026-2033 жылдары елімізде қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа МӨЗ-дің техникалық-экономикалық негіздерін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу бойынша жұмыстарды жүзеге асырып, қайта өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделгенін айтты.

АИ-95 туралы ұмытпау керек

Сарапшы егер баға толықтай еркін айналымға жіберілсе, АИ-92 бағасы АИ-95-ке жақындауы мүмкін деген пікірде. Ол мысал ретінде Ресейде бұл екі марканың бағасы шамамен бірдей екенін айтты.

Алексеевтің пайымдауынша, АИ-95 бензинін де мемлекеттік реттеуге алу керек, өйткені бұл экологияға орасан септігін тигізеді.

"Егер біз қалалардағы ауаны ластанудан, автокөлік шығарындыларынан тазартқымыз келсе, онда 95-бензин де әлеуметтік маңызы бар жанармай болуы керек", - деді ол.

Бүгінде 95-бензин - сән-салтанат емес, қажеттілік. Жанармай неғұрлым сапалы болса, зиянды шығарындылар соғұрлым аз болады әрі ауа да тазарады.

Қазіргі заманғы көліктердің көпшілігіне кем дегенде 95-бензин, ал жаңа модельдерге 98-бензин қажет. Сондықтан 95-бензин стандартқа айналып кетті.

"Егер адамдардың таза ауамен тыныстауын қаласақ, 95-бензинді де әлеуметтік маңызы бар жанармай деп қарастыру керек және қажет болса оның бағасын реттеген жөн. Жыл сайын 95-бензинді қажет ететін көліктер саны көбейіп барады, сондықтан бұл мәселе барған сайын өзекті бола түсті", - деп түсіндірді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Автор сұрағы
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама