Әл-Фарабиді бренд ретінде әлемге таныту қажет - ғалым
2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Осыған орай, қазақстандық мамандар "әл-Фараби - екінші ұстаз" атты Қазақстан, Түркия мен Нидерланды мамандары бірлесіп түсірген деректі фильмді қазақ тіліне дубляждау мен оны ел аумағында көрсету құқығына ие болды. Аталмыш фильм кейіпкердің жан-жақты қырын ашып көрсетеді.
Фарабитанушы ғалым, әл-Фараби орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтың айтуынша, телевизия мен кино саласы арқылы ұлы ойшылды еліміздегі қалың бұқараға насихаттау мақсатында "Қазақстан" телеарнасы мен ҚазҰУ арасындағы меморандум аясында аталған жобаны ұлттық арна эфирінен көрсету жолдары қарастырылып жатыр.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында ҚазҰУ, сондай-ақ университет жанындағы телерадиокешені мен "әл-Фараби" ғылыми-зерттеу орталығы қазақ және шетел фарабитанушы ғалымдардың қатысуымен түсірілген деректі фильмді қазақ тіліне дубляждау жұмыстарын жүргізді. Осылайша әлемге танылған тұлғамызды халқымен қайта жүздестіруге ынталы екендігімізді білдірмекпіз", - деді Алтаев.
Ғалымның айтуына қарағанда, 1150 жылдыққа дайындық қызу жүріп жатыр, көптеген еңбек қайта шығып та үлгерген. Ал бұл шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат әл-Фарабиді бренд ретінде әлемге таныту болып отыр.