Тараз әкімі жас ақындардың мәселесін тыңдады

28 Қыркүйек, 10:59
0
Тараз әкімі жас ақындардың мәселесін тыңдады -

Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев бір топ жергілікті жас ақындармен кездесіп, әдебиет тақырыбында емен-жарқын әңгімелесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Әкімнің өзі "галстуксыз жүздесу" деп атаған іс-шараны жас ақын Нұржан Қадірәлі жүргізіп отырды. Басқосуға жиырмаға жуық жас ақын қатысты. Бұл күні ақындар жыр оқыды, гитарамен ретроға айнала бастаған әндерді де шырқады.

Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде алғаш сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман жастардың көкейінде жүрген бірқатар мәселені тарқатып айтты.

"Тараз топырағында қала басшысының ақындармен кездесуі көптен бері болмаған еді. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып, жастардың жанынан табылып отырғаныңыз үшін алдымен зор алғысымды білдіремін. Тараз - шайырлардың шаһары. Шығыстың жеті жұлдызы тамсана жырлаған қаламызбен қалай мақтансақ та болады. Мен сіздің назарыңызды бірнеше мәселеге аударғым келеді. Басқа облыстарда поэзия фестивалдері мен әдеби форумдар тұрақты өтіп тұрады. Таяуда ғана Нұрболат Жолдасбек пен Нұржан Қадірәлі Қарағандыдағы сондай әдеби жиынға қатысып қайтты. Бұл әдебиет үшін, шайырлар шаһарының иммиджі үшін керек. Мүмкіндік болса Таразда да республикалық деңгейде әдеби форум немесе фестиваль өтуіне мұрындық болсаңыз деген өтініш бар.
Қазақтың ғажап ақындарының бірі - Ерлан Жүніс. Талантымен талайларды таңдандырған ақынның Таразда лайықты деңгейде кеші өтпеді. Осы мәселеге де назар аударсаңыз. Тағы бір айтарым, жергілікті жас ақындардың бірнешеуінің жыр жинағын шығаруға ықпал етсеңіз деген тілегім бар"- деді филиал директоры өз ойымен бөлісіп.

Соңыра Хамит Есаман сиясы кеппеген жаңа өлеңдерінің бірін оқып берді.


Бұдан соң Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақсылық, Нұрболат Сатымқұл, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтайқызы, Бексұлтан Қоштаев, Нұржан Қадірәлі бастаған өзге де ақындар алуан тақырыптағы өз өлеңдерін жатқа оқыды. Нұрлан Әбдікәрімов бірнеше ретроға айналған тамаша әндерді шырқады. Осы сәтте Қайрат Әскербекұлы Нұрланнан Илья Жақановтың "Жайлаукөл кештері" туындысын орындап беруді сұрады. Әкім де, ақын да әйгілі әнді Нұрланмен бірге қосылып шырқады. Шапағат Әбдірдің орындауындағы арнау да сәтті шықты деуге болады.

Кездесу барысында ақындар да, әкім де көкейдегіні іркіп қалмай, әзілдесе отырып әңгімелесті.
Басқосуды қала әкімі Қайрат Досаев түйіндеді.

"Тараз - ақындар қаласы. Бүгін өздеріңіздей талантты жастармен кездескеніме қуаныштымын. Айтылған мәселелерді жазып алдым. Кітап шығару мәселесіне қатысты айтар болсам, осы жиырмаңыздың барлығыңыздың жинағыңызды шығаруға ықпал етемін деп өтірік айта алмаймын. Кейбір ақынның кітабын шығаруға ықпал етсек, кейбірінің өзі шығарған жинақты таратуға күш салуға болады. Мұның бәрі ақылдасып шешетін мәселе", - деді шаһар басшысы өз ойын қорытындылап.

Басқосу барысында Қайрат Әскербекұлы да бірнеше өлең оқып (Омар Һайям, Жүсіп Қыдыровтың), әзілдер айтып, өзінің әдебиетке де, қазақы қалжыңға да жаны жақын екенін аңғартты.

Босқосу соңында шаһар мэрі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ұлы хәкімнің қара сөздер жинағын ақындарға тарту етті. Жастар жылы аясында, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған іс-шара осылайша түйінделді.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай