Ирландиялық боксшы Энди Ли BoxingScene басылымына берген сұхбатында қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтты.
Бастапқыда Ли 10 желтоқсанда Головкин-Джейкобс жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасады делінген. Бірақ келіссөздер өз нәтижесін бермей, ол басқа жолды іздеуге мәжбүр болды.
Қазіргі уақытта Ли WBC International белбеуінің иегері, аргентиналық Себастьян Хейландпен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жекпе-жек оған Головкинмен жұдырықтасуға жол ашуы мүмкін.
"Маған бір жекпе-жек керек. Шыңға шығар алдындағы сынақ іспеттес. Қарсыласым мықты болуы керек, рейтингте жоғары тұруы тиіс. Қазір Хейландпен жекпе-жек өткізуге жақсы мүмкіндік туып тұр. Ол WBC рейтингінде бірінші орында тұр. Оның 2014 жылы Мэттью Маклинды нокаутқа түсірген кезіндегі мықтылығын ел көрді. Бұл жекпе-жектің мен үшін маңызы зор. Ол мен Головкинмен жекпе-жек өткізуге жақындатады. Өткіземіз деп үміттенемін", - деді Ли.
Айта кетейік, 2014 жылы Головкин мен Ли келіссөз жүргізген. Сол уақытта қазақстандықтың әкесінің қазасына байланысты келіссөздер тоқтап қалған еді.
32 жастағы Энди Ли кәсіпқой бокста 37 жекпе-жек өткізіп, 34-інде жеңіске жеткен. Оның 24-і нокаут, үш жеңілісі бар. 2015 жылдың желтоқсанында өткен соңғы жекпе-жекте ол ұлыбританиялық Билли Джо Сондерстен жеңіліп, WBO титулынан айырылып қалған.
Бір қызығы Ли Головкинмен әуесқой бокста кездескен. 2003 жылы қазақстандық ұпай айырмасы бойынша жеңіске жеткен.