27 қазан 2016 | 20:09

Елбасы "Қазақ елі" анимациялық фильмін арнайы көріп, оң бағасын берді - Батырхан Дәуренбеков

Батырхан Дәуренбеков. © massaget.kz

"Қазақ Елі" тарихи толықметражды анимациялық фильмінің режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков Massaget.kz сайтына берген сұхбатында анимациялық фильмді Елбасының көргенін және оң бағасын бергенін айтты.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

"Қазақ Елі" тарихи толықметражды анимациялық фильмінің режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков Massaget.kz сайтына берген сұхбатында анимациялық фильмді Елбасының көргенін және оң бағасын бергенін айтты.

"Иә, дұрыс айтасыз. Жақында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақ елі" толықметражды фильмін арнайы көріп, оң бағасын берді. Бұл әрине, біз үшін жемісті нәтиже", - деді режиссер.

Реклама
Реклама

Мұнымен бірге, "Оңтүстік фильм" компаниясының директоры, "САҚ-дала" киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дауренбеков бұл мультфильмді түсіру идеясын ойластыру Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап түсірілгендіктен, аса қиын болмағанын айтты. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Жалпы бұл туындыны жасау үшін 8 айға жуық уақыт кетті. Әрине, уақыт тапшы болды. Дәл осындай фильмге Ресейде, шет мемлекетте 2-2,5 жыл уақыт кетеді. Уақыт тығыз болғандықтан, біз күндіз-түні екі ауысымда жұмыс жасадық. Бір сағаттық мультихикаяны жасау үшін 60-қа жуық аниматор маман жұмылдырылды", - деді ол.

Сонымен қатар, айтуынша, ол сценарийді талқылау, бекіту барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында екі рет болыпты. Әңгіме барысында министр бұл жұмыстың үлкен саяси салмағы бар екенін айтып, тарихи шындыққа негізделу керектігін түсіндірген. "Сценарийде әдеби-көркемдік жағынан олқылықтар болмау үшін белгілі драматург Дулат Исабековке көрсетіп, кеңес алуымызды да ескертті. Сөйтіп, министрдің нұсқауымен Жамбыл Артықбаев ағамыз тарихи тұрғыда кейіпкерлердің сөзін қадағалап, қаламгер Дулат Исабеков сөздердің көркемдік жағы, сол заманғы қолданыстағы ұғымдардың байланысын жасады. Мультфильмнің сюжеті - Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібектің билік құрып, Әбілхайыр хан ордасынан бөлініп шығуы турасында. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін батырлардың садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйренуі кеңінен көрсетіледі. Ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұғындыру үшін Керей мен Жәнібек ханның Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәріс алып, елге оралғанда түрлі ерлігімен көзге түсе бастауы да сәтті ойластырылған. Ел тарихы мен болашағы үшін мәні зор фильм түсірудің "Сақ-дала" киностудиясына жүктелуі бекер емес. Өйткені шығармашылық ұжым тарихи фактілірге сүйене отырып, дайындалғын көркем туындыны балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалармен жеткізудің шебері", - деді режиссер. 


Мультфильм кадрлары

Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, алғашқыда суретші-аниматорлар қазақ батырының эскиздерін жасаған кезде Ресейдің "Три богатыря" сияқты анимациялық туындыларына сүйенген. Алайда ондағылардың бәрі - бастары мен мен денелері үлкен, аяқтары кішкентай анимациялық кейіпкерлер болып, мұны Арыстанбек Мұхамедиұлы құптамапты. "Бұнымызды Арыстанбек Мұхамедиұлы құптамай, ұсынған эскиздерді өзгертуге тапсырма берді. Бір аптадан соң, қазақтың батырларын да, астындағы сәйгүлігін де алып денелі, сұлу тұлғалы етіп салғанымызда ғана, эскиздерді бекітіп, рұқсатын берді. Және сол кездегі хан сарайларын, ежелгі Отырар қаласын, басқа да Жібек жолы бойындағы Исфиджаб (Сайрам), Түркістан, Тараз қалаларының көріністерін сол замандағы сәулет өнерінің талаптарына сай зерттей отырып, жасауымызды ескертті", - деді ол.

"Бұл фильм балаларға арналады ғой. Сондықтан Керей мен Жәнібектің бала кезінен бастап көрсетуді ұсындым. Өйткені батырлар да, билер де, хандарымыз да кезінде бала болған. Олар да ойнаған, күлген, жылаған деген сияқты. Ал кейін өсе келе, тәрбие, білім алып, елін қорғайтын батырларға айналған. Жалпы, меніңше, бұл фильмді көрген балалар екі сұраққа нақты жауап бере алады деп ойлаймын. Біріншісі: "Қазақ хандығын кімдер құрды?" деген сұраққа "Керей мен Жәнібек" деп, екіншісі Керей мен Жәнібек ханның балалық шағынан ер жетіп, ел басқарғанға дейінгі кезеңді, Қазақ хандығын қалай құрғанын, білімді адам ғана ел басқара алатындығын толықметражды фильмді көру арқылы мүдірместен айтып бере алады", - деген ол "САҚ-дала" киностудиясының алдағы жоспарлары туралы да айта кетті. 

Айтуынша, негізі идеологиялық салмағы бар толықметражды анимациялық шығармалар бізге көптеп керек. "Егер мемлекет қолдау білдіріп, қаржы бөліп жатса, қазақ хандарының өмірін, батырлығын негізге ала отырып, толықметражды анимациялық фильмдер түсіру ойда бар. "Қошқар мен теке", анимациялық фильмінің, "Томпақ" телесериалының жалғасын түсірсек деген де ниет бар. Алға қойған мақсаттар мен жоспарлар жетерлік, әрине. Бірақ солардың бірегейі - Шымкентте арнайы Киностудия салынса деген тілек", - деп қорытындылады режиссер сөзін.

 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная