ПОДЕЛИТЬСЯ
18 маусым 2017 | 17:40
Ермек Тұрсыновтың жаңа туындысының бір бөлігі Будапештте түсірілді
Алматы облысындағы Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағында танымал режиссер Ермек Тұрсынов "Киномеханик" (шартты атауы) атты жаңа толықметраж көркем фильмін түсіріп жатыр. Тengrinews.kz тілшісі Алматы қаласынан 300 шақырым жерде, Жаркент қаласының маңында орналасқан түсірілім алаңында болып, осы фильмнің бір сәттік эпизодының куәгері болды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысындағы Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағында танымал режиссер Ермек Тұрсынов "Киномеханик" (шартты атауы) атты жаңа толықметраж көркем фильмін түсіріп жатыр. Тengrinews.kz тілшісі Алматы қаласынан 300 шақырым жерде, Жаркент қаласының маңында орналасқан түсірілім алаңында болып, осы фильмнің бір сәттік эпизодының куәгері болды.
"Келін", "Шал", "Кенже", "Кемпір" және "Жат" сияқты елге кеңінен танылған фильмдерді түсірген режиссер - Ермек Тұрсынов, продюсер - Қанат Төребай, композитор - Қуат Шілдебаев және актер Иісбек Әбілмәжіновпен бірге (бұрыннан келе жатқан тобымен) жаңа туындының түсірілімін биыл 31 мамырда бастаған. Идеяның авторы - марқұм Меңтай Өтепбергенов.
"Киномеханик" кинокартинасы ҚР Мәдениет және спрот министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп жатыр. Фильм - Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппаратты сыйға алған сарбаз туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетіп, өнер арқылы, оның ішінде, кинематографтың көмегімен әлемді өзгертуге болады деп сенеді.
Режиссер Ермек Тұрсынов пен композитор Қуат Шілдебаев жұмыс үстінде
"Фильмнің идеясы марқұм Меңтай Өтепбергеновке тиесілі. Бір күні киностудияда кездескенімізде киномеханиктер туралы ойын айтты. Кейіннен оның ойын тарқатып, сценарий жазып шықтым. Сценарийді көрген сәттен бастап ауырып жүргеніне қарамастан, басты рөлде ойнауға дайындалып, қуанып жүрді. Өйткені ол көбінде эпизод рөлдерде ойнап, басты рөлдер бұйырмаған актер болатын. Біз оның үйінде талай кездесіп, репетиция жасап, кей сахналар туралы айтып жүрдік. Амал нешік, фильмнің түсірілімге шыққанын көре алмай кетті... Алайда, оның есімі титрде болады", - деді режиссер Ермек Тұрсынов.
Түсірілім алаңы
Картинаның продюсері Қанат Төребай Екінші дүниежүзілік соғыс суреттелетін сахналар өткен жылдың желтоқсан айында Венгрияның астанасы - Будапештте түсірілгенін мәлімдеді. Бұл елде фильмнің 8 минуттық бейнематериалы түсірілген екен.
"Соғыстан кейінгі жылдарды сахналауға қажетті объектілерді табу үшін Қазақстанның барлық аймағын шарлап шықтық. Көрген объектілерді қорыта келе, Алматы облысы, Жаркент қаласы маңын таңдадық. Фильмнің негізгі айтар ойы - ұлы кино өнерінің күші мен игілік эстафетасы. Біздің картина ХХ ғасырда кино өнерін таратушыларға бағышталады", - деді продюсер.
Басты рөлде - Мұрат Мақажанов.
Ермек Тұрсыновтың бұл фильмінде басты рөлдерде Мұрат Мақажанов және картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тілеубаев ойнайды. Продюсер Қанат Төребайдың айтуынша, фильмде отандық және шетелдік танымал актерлер бой көрсетеді. "Ресейдің халық әртісі Нина Усатоваға фильмнің сценариін жібердік, ол кісі Тұрсыновтың еңбектерімен таныс екенін жеткізіп, фильмге түсуге өз келісімін берді", - деді ол.
Биыл 31 мамырдан бастап түсірілім тобы Алматы облысындағы Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағында өз жұмыстарын бастап кетті. Соңғы түсірілімдер Алматыдағы "Қазақфильм" киностудиясының аумағында және Талғар қаласының Мәдениет сарайында өтеді. Қазір суретшілер ғимараттың тарихи кейпін қайта келтіру жұмыстарын жасап жатыр, атап айтсақ, түсірілім кезінде Лениннің ескерткіші және сол дәуірден хабар беретін атрибутикалар қойылады.
Ресейдің халық әртісі Нина Усатова басты рөлдердің бірінде - Қатира есімді кейіпкерді сомдайды
"Киномеханик" фильмінің желісі мынадай: Солдат соғыстан қайтып келгенінде үйінің есік-терезелері шегеленіп, жабулы тұрғанын көреді. Мұндай көріністі көрген ол Германияда қарт немісті өлтірмей алып қалғаны үшін, сыйға алған кинопроекторын шығарып, кино қояды. Қайтыс болған жақындарын жоқтап, қайғысынан тез айығуына фильмдер ықпал етеді. Фильмдегі кейіпкерлерді қиялдап, өмірді қайта бастауға қуат алады. Содан бастап өмірінің соңына дейін ол кинопроектордан ажырамайды.
Басты рөлдердің бірін сомдаған Иісбек Әбілмәжінов
Показать комментарии
Читайте также