ПОДЕЛИТЬСЯ
31 тамыз 2017 | 11:41
Қазыбек бидің 350 жылдығына орай деректі фильм түсіріліп жатыр
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің түсіру жұмыстарын бастады. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректі фильмнің түсіру жұмыстарын бастады. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орайластырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильмнің сценарий авторлары әрі режиссерлері драматург, режиссер Ғазиз Насыров пен әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай. Авторлар бұған дейін шығармашылық бірлестікте "Мәди Бәпиұлы" және "Тәттімбет Қазанғапұлы" атты деректі фильмдерді түсірген.
"Əуелі Қарағанды облысын көктей өтіп, сонан соң Павлодар облысына шықтық. Бұл өлкелерде Қазыбек би бабамыздың табанының ізі қалған. Қал-қадірімізше таспаға түсірдік. Сонан соң, Астана асып, Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалымдармен сұхбатастық. Ұлы биден қалған жалғыз жәдігер - алтын зерлі шапанды таспаладық. Қайта айналып, Қарағанды облысы Қарқаралы, Егіндібұлаққа келдік. Мұнда түсірілім жұмыстарын жалғастырдық. Мұнан соң Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық тойына қатыстық", - деді сценарий авторы әрі фильм режиссерлерінің бірі Ерлан Төлеутай.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдыға арналған бұл деректі фильмде сахналық қойылымдар болады. Қазыбек биді танымал театр және кино актері Қайрат Кемалов сомдайды. Сондай-ақ фильмге белгілі қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Кəріпбек Күйіков қатысады. Фильмнің премьерасы қыркүйек айында, Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған Халықаралық ғылыми-танымдық конференцияда өтеді деп жоспарланған.
Сценарий авторы және режиссерлері - Ғазиз Насыров және Ерлан Төлеутай. Операторы Сапар Койчуманов және Марс Умаров. Ал композиторы - Әбілқайыр Жарасқан.
Суреттерді "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметі жолдады
Айта кетейік, Қазыбек Келдібекұлы - қазақ халқының XVII - XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек - есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған. Сондай-ақ, Төле би және Әйтеке бимен бірлесіп, халқымыздың әдет-ғұрыптарына сүйене отырып "Жеті жарғыны" шығарған.
Показать комментарии
Читайте также