ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 13 шілде 2026 08:56
10 күнде 760 келі есірткі: ІІМ ауқымды операцияның мән-жайын ашты
Шілде айының алғашқы онкүндігінде Қазақстанда заңсыз айналымнан 760 келі есірткі тәркіленді. Бұл туралы "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарған Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 10 күн ішінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері аумақтық бөліністермен бірлесіп, 187 есірткі құқықбұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86-сы қылмыстық теріс қылықтарға, тағы 101-і қылмыстарға жатады.
Осы кезеңде полицейлер есірткі сатудың 46 фактісінің жолын кесіп, тыйым салынған заттарды аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт жағдайын, есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісін анықтады, сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт фактісін тіркеді.
Сонымен қатар заңсыз айналымнан 266 келі прекурсор және 760 келі есірткі заты, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Астанада жүргізілген операция ірі ұстау шараларының бірі болды. Полицейлер елорданың 26 жастағы тұрғынын ұстады, оны жеке тінту және жалдамалы пәтерді тексеру кезінде жалпы салмағы 245 грамм болатын 227 орама α-PVP синтетикалық есірткісі табылды. ІІМ мәліметінше, ер адам тыйым салынған заттарды қала аумағында сатпақ болған.
Ведомство өкілдері жазғы демалыс кезінде мектеп оқушылары мен студенттер арасында есірткі қылмысының алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Шілде айының алғашқы онкүндігінде полиция қызметкерлері 145 профилактикалық іс-шара өткізді, оған алты мыңға жуық жасөспірім мен жас адамдар қатысты.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу