“20 рет пышақ салған“. Ұлытау облысында ер адам төрт баланың анасын өлтіріп, өзін жаралаған

бірге тұратын адамы төрт баланың анасын өлтірді Қайтыс болған Әйгерім / Фотоны туыстары ұсынды

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде жантүршігерлік оқиға болды: төрт баланың анасы, 42 жастағы әйел қаза тапты. Қылмысқа оның 33 жастағы азаматтық некедегі жолдасы күдікті деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде жантүршігерлік оқиға болды: төрт баланың анасы, 42 жастағы әйел қаза тапты. Қылмысқа оның 33 жастағы азаматтық некедегі жолдасы күдікті деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қаза болған Әйгерім есімді әйелге 20 рет пышақ сұғылған. Біз оның әпкесі Данамен сөйлесіп, Әйгерімнің қандай адам болғанын және оқиғаға дейін оның өмірінде не болғанын білдік.

"Тым мейірімді еді"

Реклама
Реклама

Әйгерім 42 жаста еді. Әпкесінің айтуынша, ол өзін де, балаларын да толық асырап отырған: дүкен сатып алып, жұмыс істеген, бірнеше пәтер алып, оларды тәулікке жалға беріп келген.

"Ара сияқты тыным таппайтын. Бәрін өзі істейтін. Бүкіл шаруа соның мойнында болды. Төрт баласын өзі асырап, үнемі табыс табудың жаңа жолдарын іздеп жүретін", - дейді Дана.

Әйгерімнің артында төрт баласы қалды. Үлкен ұлы студент, екіншісі мектепте оқиды, оқу озаты, шахматпен айналысады. Кенжелері бір ұл, бір қыз. 5 жасар қызының мүгедектігі бар: кішкентай кезінде инсульт алған.

"Ол қызын аяғынан тік тұрғызды десе де болады. Дәрігерлер оны басқа аналарға үлгі етіп көрсететін", - дейді әпкесі.

Жақындарының айтуынша, Әйгерім өте биязы әрі мейірімді жан болған.

"Бәріне көмектесетін. Адамдарды аяп, жануарларды асырап алатын. Мен оған: "сен тым мейірімдісің" дейтінмін", - деп еске алады Дана.

"Зорлық-зомбылық жиі болып тұрған"

Әйгерім азаматтық некедегі жолдасымен ресми тіркелмеген. Әпкесінің сөзінше, басында ол қамқор болғанымен, уақыт өте келе мінезі агрессияға ұласқан.

"Басында ол үшін бәрін жасап, әдемі күтетін. Кейін қызғаныш, агрессия, қол көтеру басталды. Оған әдемі киінуге рұқсат бермей, айналасындағылардың бәрінен қызғанатын", - дейді марқұмның әпкесі.

Әпкесінің айтуынша, ер адам жұмыс істемей, ішімдікке салынған, ал оның емін қоса алғанда, барлық шығын Әйгерімнің мойнында болған.

"Оның жүрегінде ауыр дерті болған, жұмыс істемейтін және жиі ішетін. Оны Әйгерім асырап, емдетіп, Астанадағы ең мықты дәрігерлерге апаратын. Әйгерім одан дүкенде көмектесуін, өзін алмастыруын сұрайтын. Бірақ ол жерде де дұрыс жұмыс істемей, дүкенде отырып ішімдік ішетін еді", - деп бөлісті ол.

Туысының айтуынша, Әйгерімнің отбасында зорлық-зомбылық жиі болып тұрған:

"Ол Әйгерімге де, анасына да, үлкен ұлына да қол көтеретін. Жанжал шығарып, заттарды қирататын".

Соған қарамастан, Әйгерім қарым-қатынасты үзбеген.

"Ол үнемі: "тағы бір рет көрейік" дейтін. Оны аяйтын, балалары да әкесіне қатты бауыр басып қалған еді", - деді Дана.

Әйелдің айтуынша, Әйгерім мен оның туыстары бірнеше рет полицияға жүгінген.

"Әйгерім одан қорқатын. Оны полиция алып кеткенімен, 15 минуттан кейін үй терезесінің астында жүретін. Оның хабарласатын бір немере ағасы болды, соған қоңырау шалатын. Шамасы, сол мәселесін шешіп беретін болуы керек", - деді әпкесі.

Оның сөзінше, Әйгерім жағдайдың бұдан да қиындап кетуінен қауіптенген.

Қайғылы күн

Ақыры Әйгерім айырылысуға бел буып, Абзалды өзі жалға беретін пәтерлердің біріне жіберген. Ер адамның барар жері болмағандықтан, әйел ол далада қалмасын деп аяған.

Қайғылы оқиға күндіз болған. Әйгерім соңғы рет байланысқа сағат 13:55-те шыққан. Сол сәтте ол өз дүкенінде болған. Туыстарының айтуынша, азаматтық жолдасы келіп, оған пышақпен тап берген.

"Ол мас болған сияқты. Дүкеннің сөресі қанға толып кеткен. Оған 20 рет пышақ салған. Үш соққы өмірлік маңызы бар мүшелеріне, қалғаны арқасына тиген", - деді Дана.

Осыдан кейін ер адам өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ аман қалды.

"Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша қозғалды. Басқа ештеңе білмейміз, оны Жезқазғандағы ауруханаға ауыстырды. Денсаулығында қиындықтар басталған көрінеді. Мен оның жазадан құтылып кетпеуін қалаймын", - деп қосты әпкесі.

Полиция пікірі

Ұлытау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Ведомство күдікті — қаза тапқан әйелдің 33 жастағы азаматтық жолдасы қылмыст жасағаннан кейін өзіне зақым келтіруге әрекет жасағанын және ауруханаға жатқызылғанын растады.

"Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде жатыр, полиция тәулік бойы күзетеді. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Емі аяқталғаннан кейін оны тергеу изоляторына ауыстыру жоспарланған", - деп хабарлады полиция.

Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екені хабарланды.

"Балалар не болғанын әлі толық түсінбейді"

Туыстарының айтуынша, балалар оқиғаны ауыр қабылдап отыр. Үлкен ұлы соңына дейін шыдағанымен, кейін эмоциясын ұстай алмады. Кішілері не болғанын әлі толық сезіне қойған жоқ.

"Қызы жылап, анам неге келмейді, неге хабарласпайды деп сұрады", - дейді Дана.

Жақындары бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді деген сенімде.

"Ол бәрін аяйтын. Тіпті оны да. Үнемі отбасын сақтап қалуға тырысатын", - деп қосты әпкесі.

Енді туыстары істің әділ тергелуіне қол жеткізіп, балаларға қамқоршылықты рәсімдеуге ниетті.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама