Алматыда бала аяусыз өлтірілген: заңгерлер 13 жастағы күдікті қалай жазалануы мүмкін екенін айтты

Алматыда бала аяусыз өлтірілген: заңгерлер 13 жастағы күдікті қалай жазалануы мүмкін екенін айтты Фото:depositphotos.com

Алматыда 12 жастағы баланың қазасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыланып жатыр. 13 жастағы жасөспірім қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Қоғамды және қаза тапқан баланың туыстарын мазалап отырған басты сұрақтардың бірі: кәмелетке толмаған күдікті қандай жазаға тартылуы мүмкін? Біз бұл мәселенің мән-жайын адвокаттардан сұрап білдік, толығырақ - Tengrinews.kz материалында.

Алматыда 12 жастағы баланың қазасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыланып жатыр. 13 жастағы жасөспірім қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Қоғамды және қаза тапқан баланың туыстарын мазалап отырған басты сұрақтардың бірі: кәмелетке толмаған күдікті қандай жазаға тартылуы мүмкін? Біз бұл мәселенің мән-жайын адвокаттардан сұрап білдік, толығырақ - Tengrinews.kz материалында.

Нақты мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі бар ма?

Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада 13 жастағы балаларға, тіпті аса ауыр қылмыстар үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделмеген.

Жарнама
Жарнама

"Заң бойынша күдіктіге қатысты бас бостандығынан айыру, айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары сияқты қылмыстық жазалау шаралары қолданылмайды. Бұл талап абсолютті және жасалған іс-әрекеттің ауырлығына байланысты емес. 13 жастағы жасөспірім жасына байланысты қылмыс субъектісі болып саналмайды. Қазақстанда кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады", - деп түсіндірді адвокат.

"Құқықтық салдары"

Оның пікірінше, егер жасөспірімнің кінәсі толық дәлелденсе, оған тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Адвокат бұл жерде сөз бас бостандығынан айыру туралы емес екенін атап өтті. Оның орнына заңда азаматтық-құқықтық және әкімшілік шаралар, сондай-ақ сот тағайындай алатын арнайы тәрбиелік сипаттағы шаралар қарастырылған.

"Атап айтқанда, қылмыстық жауапкершілік жасына толғанға дейін қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты сот оларды ерекше режимде ұстайтын арнайы білім беру ұйымдарына жіберу туралы шешім қабылдай алады, - деді Қасымжанов.

Ол ерекше режимде ұстайтын арнайы білім беру ұйымына орналастыру қылмыстық жаза, қамауға алу немесе бұлтартпау шарасы болып табылмайтынын атап өтті.

"Әңгіме тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шарасы туралы болып отыр. Ол қауіпті әрекет жасаған, бірақ жасына байланысты соттала алмайтын баланы оңалтуға, оқытуға, психологиялық түзетуге және мінез-құлқын жақсартуға бағытталған. Мұндай мекемеге жіберу қылмыстық іс бойынша сот үкімі аясында емес, полиция органдары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес ерекше өндіріс шеңберінде сот шешімі негізінде жүзеге асырылады", - деп түсіндірді адвокат.

Ол мұндай мекемелер Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында екенін нақтылады.

Бала үшін ата-анасы жауап береді

Өз кезегінде Павлодар облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Дәуренбек Әбдірахманов тек күдікті жасөспірім үшін ғана емес, оның отбасы үшін де қандай салдарлар болуы мүмкін екенін айтып берді.

"Кәмелетке толмаған бала(лар) міндетті түрде профилактикалық есепке қойылады. Сондай-ақ бақылау мен тәрбиелік ықпал етудің қосымша шаралары қабылдануы мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Адвокаттың айтуынша, мұндай жағдайларда жауапкершілік ата-анаға да жүктелуі мүмкін.

"Ата-аналар баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу міндеті де соларға жүктеледі", - деді Әбдірахманов.

Бұл жерде жерлеуге байланысты шығындар да, көлемін сот айқындайтын моральдық зиян өтемақысы да қарастырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, адвокаттың айтуынша, егер тексеру барысында тиісті негіздер анықталса, уәкілетті органдар ата-ана құқығын шектеу немесе одан айыру мәселесін қарастыруға құқылы.

12 жастағы баланың өлімі

11 маусымда танымал әлеуметтік желілердің бірінде Алматыда 12 жастағы баланың өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Баланың туыстары оқиғаны таратуға көмек сұрап, жұртшылыққа жүгінді. Олар небәрі 13 жастағы кінәлі тұлға жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Сондай-ақ отбасы тергеу барысы туралы әлі күнге дейін толық ақпарат алмағандарын алға тартты.

Полиция түсініктемесі

Бұған дейін Алматы Полиция департаменті кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Баспасөз қызметі қылмыс жасады деген күдікпен қаланың 13 жастағы тұрғыны, жәбірленушінің бұрынғы танысы ұсталғанын нақтылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдер арасында жанжал туындап, салдарынан олардың бірі пышақ қолданған. Қазіргі уақытта күдікті мамандандырылған мекемеге орналастырылды.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама