Полиция Астана маңындағы Жібек жолы ауылында бір отбасының қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Іс бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әділовтің айтуынша, іс бойынша күдікті бұған дейін басқа тергеу аясында есі дұрыс емес деп танылған.
"Шынымен де, бұрын сотты болған тұлға жауапқа тартылып жатыр. Ол бұған дейін ақыл-есі дұрыс емес деп танылған болатын. Психиатриялық сараптаманың қорытындысын күтейік", - деді Әділов.
Министрдің орынбасары істің бұдан былайғы процестік саралануы сараптама нәтижелеріне байланысты болатынын атап өтті.
"Қылмыстық іс айыптау актісімен бірге есі дұрыс адамға қатысты жолданады немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберіледі", - деді ол.
Еске сала кетейік, 2 наурызда әлеуметтік желілерде Астана маңындағы Жібек Жолы ауылының тұрғыны бір отбасы мүшелерін қатыгездікпен өлтіргені туралы хабарлама тарады.
Полиция күдіктінің ізі суымай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенатта журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, күдіктінің бұрын сотталғанын айтты, алайда қандай қылмыс үшін екенін нақтыламады.