ПОДЕЛИТЬСЯ
24 тамыз 2020 | 08:33
"Дубайдан жұмыс тауып береміз деді". Шымкентте турфирмаға қатысты дау шықты
Туристік агенттік арқылы Дубайға жұмыс іздеп барған шымкенттік тұрғындар алданғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Отырар" басылымына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Туристік агенттік арқылы Дубайға жұмыс іздеп барған шымкенттік тұрғындар алданғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Отырар" басылымына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, туристік қызмет көрсететін жеке кәсіпкерге 550 мың теңге төлеген. Олар "Дубайға жеткізіп, жатын орынмен қамтып, жұмыс тауып беремін" деп уәде еткенмен, сөзінде тұрмады дейді шағымданушылар. Салдарынан екі айға жуық уақыт шетелде жүріп, әбден шығынға баттық деп шырылдайды.
"Туристік қызмет көрсететін кәсіпкерге алдандым" дегендердің бірі - Гүлчехра Саидова. Шетелге жұмыс іздей барған шымкенттік тұрғын Дубайда екі ай бойы жүріп, ақыры елге құр алақан қайтуға мәжбүр болғанын айтады. Айтуынша, сапарды ұйымдастырып берген агенттік өкілдері әу баста уәдені үйіп төккен. Уәделі жұмыс түгілі ақырында жатын орынға жарымай ерлермен бірге түнеуге мәжбүр болдым дейді келіншек.
"Жұмысқа орналастарамыз деді. Мен тіпті, 5 еркекпен бір бөлмеде жаттым, жұмыс болмады", - дейді шымкенттік Гүльчехра Саидова.
Ал туристік фирма өкілдері ешкімге жұмыс табуға міндетті емеспіз деп кесіп айтты. Қағаз жүзінде ондай кепілдік болмаған дейді. Біз қызмет алушыларды діттеген жерге жеткізіп, бір айлық жатын орынмен қамтуға келіскенбіз дегенді алға тартты.
"Біз жұмыс табуға көмектесеміз деп келіскенбіз. Біздің фирманың өкілдері қызмет алушымен бірге көлікпен қаланы аралап, бос жұмыс орындарын көруге көмектескен. Алайда, бұл азаматтар өздеріне ұсынылған жұмыстан бас тартқан. Бұл олардың таңдауы. Дегенмен, біз өзіміздің тарапымыздан уәде етілген барлық қызметті көрсеттік. Жеткізіп салу, жатын орынмен қамту, мұның барлығы жасалды. Ақшаның қайтарылмайтыны туралы осында, яғни, әлі Дубайға ұшпай тұрғанда қағаз жүзінде келісім жасалған", - деп жауап қатты "Табысхана" ЖК директорының көмекшісі Зухра Арзиева.
Осылайша қағаз бетіне түспеген уәделерге сенген тұрғындар екі ай бойына шетелде болып, қалтасынан қағылғанын айтады. Ал туристік фирма директорының көмекшісі келісімшарттағы барлық міндетті орындадық деп өздеріне шаң жуыптай отыр. Екі қолға бір күректің қамы ақыр соңында қос тараптың дау-дамайына айналды.
Шағымданушылар шығынды өтеп алу үшін жуырда жергілікті полиция органы мен прокуратураға шағымданған. Дау-жанжалға қатысты құзырлы орган әзірге ресми ақпарат берген жоқ.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также