ПОДЕЛИТЬСЯ
21 ақпан 2022 | 16:59
"Еденге құлап түсті". Теміртау перзентханасында нәресте мерт болды
Өткен демалыста Теміртау қаласының көпбейінді ана мен бала орталығында нәресте мерт болды. Босанған әйелдің айтуынша, медициналық көмек уақытылы көрсетілмегендіктен, ол тұрып босанған, содан нәресте еденге құлаған. Әйел қызының өліміне медицина қызметкерлерінің кінәлі екенін дәлелдеуге ниетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Өткен демалыста Теміртау қаласының көпбейінді ана мен бала орталығында нәресте мерт болды. Босанған әйелдің айтуынша, медициналық көмек уақытылы көрсетілмегендіктен, ол тұрып босанған, содан нәресте еденге құлаған. Әйел қызының өліміне медицина қызметкерлерінің кінәлі екенін дәлелдеуге ниетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
33 жастағы Айжан Шахманова Көпбейінді аналар мен балалар орталығына 19 ақпанда түскен. Әйел жүктілігінің 40-шы аптасында еді. Бұл Айжанның үшінші нәрестесі. Оның үлкен балалары 12 және 11 жаста.
"Сәбиімізді асыға күттік, оны Айша деп атағымыз келді. Мен ауруханаға шамамен 23.30-да түстім. Қабылдау кезінде бәрі жақсы болды, жүрек соғысы қалыпты, толғақ орташа, әр бес минут сайын. Маған таңға жақын босанатынымды айтты. Шамамен 01.50-де толғақ жиілей түсті. Қайтадан ұрыққа кардиотокография жасады, сәбидің жүрек соғысын тыңдады, орындықта тексерді. Сол кезде босанатынымды айтып айғайлаған едім. Бірақ олар тексеруден өтіп жатқан басқа әйелдермен бірге босану залына апаратынын айтты. Мен толғақ басталды деп айғайладым, бірақ мені тыңдаған адам жоқ, елемеді", - деді Айжан.
Лифтіде әйелден қағанақ суы кеткен. Босану бөлмесіне де өзі баруға мәжбүр болғанын айтты. Бөлмеге кіре бергенде тағы да толғақ қысып, төсекке жарты метр қалғанда босанып қойған.
"Толғақ басталғанда босанайын деп жатқанымды айтып айғайладым. Енді төсекке қолым тие бергенде ішімнен нәресте шығып, еденге құлап түсті. Одан әрі линолеуммен тағы жарты метрге домалап кетті... Жанымдағы мамандар, шамамен 5-7 адам: "Не істеп жатырсыз, не істеп жатырсыз?" деп жатыр... Мен кім кімге не айтып жатқанын түсінбедім... Медицина қызметкерлері қобалжи бастады, бала ешқандай дыбыс шығармады. Кіндік кесілмеді, ол менен ажырап кетті", - дейді Айжан.
Одан әрі Айжаннан қан кете бастап, анестезия салынған. Ол оянғанда телефон берілмей қойғанын айтты. Таңертең ғана ұялы телефонын алып, 102 нөміріне қоңырау шалған. Босанған әйелдің айтуынша, полиция қызметкерлері баланың өлімі туралы дәрігерлерден емес, одан білген.
"Перзентхана бала өлгенін полицияға хабарламаған. Қызметкерді де мен жатқан реанимацияға өткізгісі келмеді. Мен болған оқиғаға кінәлі әрбір медицина қызметкері жазаланғанын қалаймын. Өйткені ешқандай патология болған жоқ, тоғыз ай қызымды көтеріп, күттім, армандадым", - дейді әйел.
Теміртау қаласының Көпсалалы ана мен бала орталығы аталған дерек бойынша қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі өңірлік Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті тарапынан тексеру жүргізуге бастама жасайтынын атап өтті.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі де жағдайға түсінік берді.
"Бұл дерек полицияда тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр", - деді ведомство өкілдері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также