27 сәуір 2021 | 15:28

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: сотталғандар қандай қылмыс жасағаны айтылды

Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың жасаған қылмыстары белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың жасаған қылмыстары белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.

Сотта 50 сотталушы ісіне қатысты олардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлер айғағына сай дәлелденгенін айтты. Үкім негізіне медицина, трассология, биология, молекулярлық-генетика, филология және өрт-техникалық сараптама қорытындысы кірген. Сондай-ақ, сотта айыпталушылар кінәсін дәлелдейтін бейнебақылау камераларына түсіп қалған бейнежазба көрсетілген.

Сотталушы Ботабасов мылтықпен адамдар тобына оқ жаудырған, нәтижесінде үш адам қаза тауып, төрт жәбірленуші жарақат алған. Оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Токобай қасақана бір топ адамды автокөлікпен қағып кеткен. Нәтижесінде жәбірленуші Кииров оқиға орнында қайтыс болып, үш жәбірленуші әртүрлі дәрежедегі жарақат алған (Харсанов, Дауров, Цуанфуров). Оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Кәрібаев жәбірленуші Идызовты қасақана автокөлікпен қағып кеткен. Нәтижесінде ол оқиға болған жерде қайтыс болған. Сотталушыға 16 жыл және алты ай көлемінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Солтонаев мылтықпен бір топ адамға оқ атып, нәтижесінде жәбірленуші Ясыров қаза тапқан. Сотталушыға 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Сангуй мен Чешанло бір адамды жабылып өлтірген. Сангуй жәбірленуші Әбдырәкімнің кеуде тұсына үшкір затпен бірнеше соққы жасаған. Сол уақытта Чешанло Әбдырәкімнің басына металл таяқпен соққы жасаған. Басқа сотталушы Кимуров пен ағайынды Хижин аяғымен бірнеше соққы жасаған. Сараптама жәбірленушінің металл таяқ пен үшкір заттан жасалған соққы нәтижесінде қайтыс болғанын көрсетті. Басқа сотталушылардың ұрып-соққаны өлімнің себебі емес. Сангуй мен Чешанло 16 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Кимуров пен ағайынды Хижин адам өлтірді деген айыптан ақталып, тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін айыпталды.

Сотталушы Дауров заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін шаралар қабылдаған полиция қызметкерлеріне мылтықпен екі рет оқ атқан. Нәтижесінде төрт полиция қызметкері жарақат алған. Оған тәртіпсіздіктерге қатысқаны және полицейлердің өміріне қастандық жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Реклама
Реклама

Қалған айыпталушылар бойынша шешім:

  • тәртіпсіздіктерге қатысқаны, атыс қаруын заңсыз сақтағаны және кісі өлтіруге көмектескені үшін бір адамға 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;
  • тағы бір адамға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, тонау, қарақшылық шабуыл жасағаны, суық қаруды заңсыз сақтағаны үшін 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
  • үшінші тұлғаға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
  • тоғыз адамға жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, бөтеннің мүлкін өртеу, сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы;
  • тағы 31 адамға жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны, оларға қатысқаны, бөтен мүлікті ұрлағаны үшін келтірілген залалды өтей отырып, бес жылдан алты жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғаны айтылды (24 адамға шартты түрде бас бостандығынан айыру және жеті адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды).

"Осылайша, жаппай тәртіпсіздік барысында адамдардың өліміне әкеп соққан ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, оның ішінде қару қолдана отырып, белсенді қатысқан және тонау мен қарақшылық шабуылдар жасаған 19 адамға нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, кінәсін мойындаған, жасаған ісіне өкінген және залалды өтеуге шаралар қабылдаған 31 адам қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға кесілген. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары шешілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деді сотта.

Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды.

Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған. 

Медициналық мекемелерге 137 адам көмек сұрап келді. Екі полицей зардап шеккен. 30-ға жуық үй, 15 сауда орталығы қираған, 23 көлік өртенген.

Сот мәліметі бойынша, зорлық-зомбылық, қирату, өртеу, мүлікті жою және атыс қаруын қолданумен болған тәртіпсіздіктер нәтижесінде 10 адам қаза тапқан (тағы бір адам жанып жатқан сауда орталығының құлауы салдарынан қайтыс болды), 158 адам мен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алған.

156 тұрғын үй мен сауда нысандары, 102 автокөлік құралдары бүлінген. Олардың иелеріне келтірілген шығын шамамен 830 миллион теңге. Жамбыл облысы полиция департаментінің тағы 10 автокөлігі бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,3 миллион теңге болған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная