ІІМ автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкереледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топты әшкереледі.
ІІМ мәліметінше, күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
"Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан. Кұдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.. Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізіліп жатыр. Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!