ПОДЕЛИТЬСЯ
11 шілде 2022 | 14:52
Лариса Пактың адвокаты: Олеся Кексельдің үстінен азаптау туралы шағым жіберілді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы қызметкері Олеся Кексельдің үстінен Лариса Пакка қатысты резонанс ісі бойынша тергеудің рұқсат етілмеген әдісін (азаптау) қолданғаны туралы шағым түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы қызметкері Олеся Кексельдің үстінен Лариса Пакка қатысты резонанс ісі бойынша тергеудің рұқсат етілмеген әдісін (азаптау) қолданғаны туралы шағым түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олеся Кексельге қатысты арызды 2017 жылы пара алды деп айыпталған Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пактың ұлы бергені белгілі болды.
2019 жылы шілдеде Лариса Пак қайтыс болды. Ол 2020 жылғы 7 желтоқсанда істе қылмыс белгілері болмауына байланысты ақталды. Лариса Пактың адвокаты Хамида Айтқалиева істің мән-жайына қатысты пікір білдірді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жеке басы көрсетілмеген лауазымды тұлғаларына қатысты іс бойынша соталды тергеу басталды. Күдіктіге және басқа адамдарға қатысты шағымды Лариса Пактың ұлы түсірді", - деді Хамида Айтқалиева.
Адвокат мұндай өтініш пен арыз тергеу барысында бірнеше рет берілгенін атап өтті. Tengrinews.kz тілшісі Олеся Кексельге телефон арқылы хабарласпақ болды, бірақ ол қоңырауға да, хабарламаға да жауап бермеді.
"Біз азаптау, тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану, лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану туралы мәлімдедік. Лариса Юн-Бойевнаның кінәсіздігіне сенімді болдық және оған тағылған кінә бойынша соталды тергеу заңсыз басталғаны туралы хабарладық. Соның ішінде оған қатысты қылмыстық қудалау заңсыз болды", - деді адвокат.
Хамида Айтқалиева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатқанын, бірақ нәтижені айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
"Іс материалы Лариса Юн-Бойевнаға тағылған айыпты оңай жоққа шығарды. Содан кейін қылмыстық қудалау органы оған қатты қысым көрсетті. Тек оған емес, бүкіл отбасына. Соған қарамастан, ол аман қалды. Өкінішке қарай, денсаулығы үшін күресуге күші жетпеді", - дейді адвокат Айтқалиева.
"Ол 2017 жылғы 3 шілдеде ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері оны 5 шілдеге дейін сусыз, тамақсыз, ұйқысыз азаптаған. Тергеу жүріп жатқандықтан басқа есімдерді атамай-ақ қояйын. 2017 жылғы 5 шілдеде сотқа жеткізілді. Сот 6 шілдеде түнгі сағат үшке дейін жалғасты. Сот шешімді жариялаған бойда Лариса Юн-Бойевна есінен танып қалды.(...) Жедел жәрдеммен ауруханаға, сол жерден тергеу изоляторына жеткізілді. Оны қалай, қандай жағдайда жеткізгенін айтпаймын. Бәріміз бұл туралы куәгер ретінде жауап береміз. Мен де азаптауға байланысты қылмыстық іс туралы сот алдында жауап беремін", - деді адвокат.
Лариса Пак төрт айдан аса тергеу изоляторында болған. Хамида Айтқалиева Лариса Пактың бір жылға жуық үйқамақта болғанын, балалары мен немерелерін көре алмағанын, сондай-ақ тиісті медициналық тексеруден өте алмағанын азаптауға жатқызып, бұл жағдайлар өлімге әкеп соқтырғанын айтты.
"Менің ойымша, Антикордың мақсаты мүлде басқа адамдар болды. Ол байқаусызда нысанаға айналды. Олар Лариса Юн-Бойевна жоғары лауазымды шенеуніктердің отбасылық бизнесінен хабардар деп ойлады. Бірақ ол ештеңе білмеді, жалған айтудан бас тартты", - деді адвокат.
Хамида Айтқалиева тергеу басталғаннан-ақ пара алғаны туралы ешқандай дәлел жоғын мәлімдеді.
"Қазанға дейін жаңа айып тақпағанша, одан пара алу дерегі бойынша жауап алмай уақыт созды. Бұл туралы үнемі айттық, нақты іс бойынша жауап алуды талап еттік, бірақ олар мұны істемеді, себебі оларда ештеңе болмады. Соған қарамастан, Лариса Юн-Бойевна тергеуге қатысып, олардың барлық сұрағына жауап беретінін айтты.
2018 жылғы наурыздың аяғында оның ісі Касаткин мен Ахметовтың ісімен біріктірілді (С.К. Фармацияның бұрынғы басшыларына қатысты іс - еск.). Оған дейін БАҚ бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылмағанын жазды. Ондай болған жоқ. Тек 2018 жылғы наурызда оған осы эпизод бойынша айып тағылды. Өйткені оның бастапқыда не үшін ұсталғаны дәлелденбеді, іс тоқтатылды. Бұл іс айыптау актісімен прокуратураға жіберілгенде, прокуратура бізбен келісіп, істі қайтарды (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке - еск.). Өйткені жаңа эпизодта оған қатысты ешқандай тергеу жүргізілген жоқ", - деді адвокат Айтқалиева.
Хамида Айтқалиева Лариса Пакты кәсіпқой, қарапайым адам ретінде еске алады.
"Ол жұмысын жақсы көретін еді, сондықтан түнде жиі жұмыс істейтінбіз, өйткені онда ЖТӘ материалдары, заттай дәлелдер болды. Осының бәрін тыңдау, оқу, сотқа дайындалу керек еді. Ол ерік-жігері мықты, бірақ қарапайым, сыпайы адам еді. Мен оның елге, Қазақстанға көп пайда әкелетініне сенетінмін. Оған көмектесе алмағаныма өкінемін.
Ол тергеу объектив түрде жүргізіледі деп есептеді. Басында оны тыңдайтынына, мәселенің шешілетініне сенді... Кейін құқық қорғау органы мен соттан қатты көңілі қалды", - деп еске алады Лариса Пактың адвокаты.
Лариса Пак 2018 жылы үй қамауынан кепілге бұлтартпау шарасы бойынша ауыстырғаннан кейін медициналық тексерістен өтуге мүмкіндік алды. Содан кейін оған қатерлі ісік диагнозы қойылды. 2019 жылғы 6 шілдеде Лариса Пак қайтыс болды.
"(...) Соңғы рет ота алдында әңгімелестік, содан кейін қайтыс болды. Сол кезде де ол "денсаулығым, өмірім, намысым үшін күресемін, берілмеймін" деген еді," - деп еске алады Хамида Айтқалиева.
Іс барысында әйелдің адвокаты барлық инстанцияға тергеу органының әрекетін заңсыз деп тану туралы шағым жолдаған. Лариса Пак қайтыс болғаннан кейін жұмыс жалғасты. Шағымдардың бірін елордалық тергеу соты қолдап, "қала прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің іс-қимылын, әрекетсіздігін заңсыз" деп таныды.
2020 жылғы 7 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық іс жабылды.
Лариса Пак ісі: рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану бойынша тергеу басталды.
2022 жылғы 7 шілдеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің заңсыз тергеу әдістерін қолдануы бойынша соталды тергеу басталғаны туралы хабарлама таратты. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Юн-Бойевна Пактың туыстарына қайғырып көңіл айтты және келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрады.
Биыл шілдеде өткен алқа мәжілісінде сөз сөйлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Олжас Бектенов жақында аумақтық департаментте лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша ұпайлардың қалай берілгенін айтып берді.
"Таяқша" жүйесі барлық мүмкін тәсілмен қажет нәтижеге қолжеткізуге итермелейді. Өкініштісі, ел арасында жүрген мысал аз емес... Ең сорақысы, көрсеткіштердің соңынан еріп, кейде жоқ жерде қылмыс та ойдан шығарылған. Ал есептегі әрбір цифр адамның, оның туыстары мен жақындарының тағдыры екені ұмыт қалған", - деді Бектенов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также