ПОДЕЛИТЬСЯ
11 тамыз 2022 | 08:50
Өзіне қабір қазуға мәжбүрлеген: полиция қауіпті қылмыстық топты қалай ұстағаны жайлы айтты
Алматы полициясы атышулы ұйымдасқан қылмыстық топ "Хамидулла-Өмірзақов" мүшелерінің қалай ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы полициясы атышулы ұйымдасқан қылмыстық топ "Хамидулла-Өмірзақов" мүшелерінің қалай ұсталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Хамидулла-Өмірзақов" атты ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстанда 2019 жылдың басында пайда болған. Аталмыш топ Бағдат Хамидулла мен Жандос Өмірзақов атты ұйымдастырушылардың құрметіне осылай аталған.
"Топты құру үшін қылмыстық көшбасшылар физикалық тұрғыдан мықты, соттылығы бар, қылмыстық жауапкершіліктен қорықпайтын таныстарының басын қосқан. Осылайша, 16 адамнан құралған ұйым бірнеше жыл ішінде қарақшылық, тонау, бұзақылық, бопсалау және өзін-өзі басқарумен айналысқан", - делінген хабарламада.
Қылмыскерлер "іске" бос қолмен бармайтын: тінту кезінде олардан қару, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар тәркіленген. Полицейлер бұзақылардың қылмыстық өмірінде орын алған кейбір эпизодтармен бөлісті.
"Бір күні қылмыскерлерге Ш. және А. есімді таныстары жүгініпті. Олар Б. есімді азаматшадан қарызын алып беруді өтінсе керек. Айтуларынша, 27 жастағы борышкер олардан екі Toyota Camry көлігін сатып беруге алған, кейін ақшасын да, мүлкін де қайтармай қойған. Төрт күннен кейін топ мүшелерінің бірі әйелді тұрғылықты мекенжайынан ұстаған. Олар құрбанды 10 күн бойы Алматының бірқатар жалдамалы пәтерлерінде ұстап, ұрып-соғып, тапаншамен қорқытқан. Тіпті зират басына апарып, қабір қазуға мәжбүрлеген. Кейін сол жерге түсіріп, тізесін бүктіріп басының дәл қасынан оқ атқан. Осылай Hummer автомобилін және 3,4 миллион теңге иеленген", - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары 2020 жылдың маусымында басталып, полиция қызметкерлері ҰҚТ қатысушыларының жеке басын анықтаған.
"Ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны ІІМ мен ҰҚК бірлесіп 2020 жылдың қарашасында жүргізе бастаған. 12 күдікті еліміздің бес өңірінде: Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ұсталды", - деді ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Бақтияр Мұсабаев.
Ал қылмыстық топ жетекшілерінің қайда екендігі сәл кейінірек анықталған. Бағдат Хамидулланы полицейлер Дубайда анықтап, экстрадициялық материалдар жіберген. Екінші көшбасшы Жандос Өмірзақов 2021 жылдың қараша айында Алматыда ұсталған.
ҰҚТ-ның тағы екі қатысушысы қазір халықаралық іздеуде.
Ұсталғандардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 262-бабы "Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу", 126-бабы "Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру", 191-бабы "Тонау, бөтеннің мүлкін ашық ұрлау", 192-бабы 2-бөлігі "Қарақшылық шабуыл", 194-бабы "Қорқытып алушылық", 287-бабы "Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", 389-бабы "Озбырлық" бойынша сараланған.
2021 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также