Петропавлда бұрын бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған ер адам қайта ұсталды

Петропавлда бұрын бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған ер адам қайта ұсталды Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Петропавлда 1990-жылдардың аяғында әйелдерге жасалған бірқатар шабуыл мен бала өлтіргені үшін сотталған ер адам бостандыққа шыққаннан кейін екі жыл өткен соң қайтадан қылмыстық іс бойынша айыпталушы болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

2024 жылдың қаңтарында 1990-жылдардың соңында әйелдерге жасалған бірқатар шабуыл мен бала өлтіргені үшін сотталған қазақстандықтың бостандыққа шығуы Петропавлда үлкен қоғамдық резонанс тудырған еді. Қалада оны көпшілік "балталы маньяк" ретінде біледі. Ол бостандыққа шыққан соң тұрғындардың бір бөлігі оның қоғамға қайта оралуының қаншалықты қауіпсіз болатынына алаңдаушылық білдірген болатын.

Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысының полициясы сотталған азамат бостандыққа шыққаннан кейін облыс орталығына келіп, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылғанын және "әкімшілік қадағалаудағы тұлға" санаты бойынша профилактикалық есепке алынғанын хабарлаған болатын.

Жарнама
Жарнама

Сот ер адамға қатысты бірқатар шектеу белгіледі. Оған сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінен шығуға, қала сыртына шығуға, ішімдік пен есірткі тұтынуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Бақылау мақсатында оған электронды білезік тағылып, тексеру кестесі жасалды.

Екі жыл бойы қадағалаудағы адамның мінез-құлқына қатысты полицейлер тарапынан ешқандай ескерту болған жоқ. Алайда жақында ер адам тағы да әйелге шабуыл жасаған.

Tengrinews.kz тілшісіне белгілі болғандай, 54 жастағы әйел Петропавл шетіндегі Жұмысшы кентіндегі саяжайдан велосипедпен келе жатқан. Оны қарт адам тоқтатып, іздеп жүрген сиырын көрген-көрмегенін сұраған. Әйел кідіре бергенде, сырттай зиянсыз көрінген "қария" оны жерге құлатып, буындыра бастаған және орманды алқапқа қарай сүйремек болған. Егер кездейсоқ өтіп бара жатқан адам үркітіп жібермегенде, бұл оқиғаның немен аяқталары белгісіз еді. Шабуылдаушының алаңдағанын пайдаланған әйел оның қолынан сытылып шығып, қашып кеткен.

Қауіпсіз жерге жеткен бойда ол бірден полицияға хабарласқан. Екі сағат ішінде полицейлер күдіктіні ұстады. Оның сыртқы келбетінің сипаттамасы мен білезік арқылы алынған орналасқан жері туралы мәліметтер сәйкес келді.

СҚО Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іс сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға оқталу дерегі бойынша тергеліп жатыр.

"Қызметкерлер күдіктіні - облыс орталығының 62 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі Tengrinews.kz-ке.

Тергеу барысы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, деп атап өтті полиция.

Бұл адамның бұрын жасаған қылмыстары туралы Tengrinews.kz тілшісіне ішкі істер органдарының ардагері Игорь Семенов айтып берген болатын. Ол лейтенант кезінде ауыр қылмыстарды тергеу тобына кіріп, кісі өлтіру оқиғалары болған жерлерге шығатын болған. Қазір ол зейнетте, бірақ қызметтік жылдарынан естелік ретінде 1990-2000 жылдардағы ең атышулы және сұмдық қылмыстар болған жерлердің суреттері салынған қалың альбом қалған.

"Мынау 1998 жылдың 19 желтоқсанында мәйіті орман белдеуінен табылған бірінші сынып оқушысы Наташаның суреті. Қыз бала мектептен кейін үйіне келуі керек еді, бірақ ол оралмады. Ата-анасы іздеуге кірісіп, полицияға жүгінді. Қызметтік іздестіру итін қолдана отырып, орман алқабын тексеру кезінде алдымен оның сөмкесі, содан кейін басы жарылған және 13 жерінен пышақ сұғылған, қармен көмілген мәйіті табылды. Ол үйіне дейін небәрі 400 метр жете алмай қалған", - деді Игорь Семенов.

Қызды өлтіргені үшін 1999 жылдың қаңтарында бұрын сотталған, 1963 жылғы Валерий Кричиневский ұсталды. Оны ұстаған жедел уәкілдер арық келген ер адам өте зиянсыз көрінгенін және қылмыскерге мүлдем ұқсамағанын еске алады. Алайда ол үнемі үйінен кенеп қапқа салынған балтамен шығып, қала шетіндегі саяжайларға баратын жолдарда және жеке сектор маңындағы иен көшелерде өз құрбандарын аңдыған. Оның өзіндік "қолтаңбасы" болған: ол құрбандарына ешқашан алдынан келмей, артынан білдіртпей келіп, балтаның шүйдесімен басынан ұратын болған, содан кейін тонап, зорлаған.

СҚО полициясы бұған дейін берген мәліметке сәйкес, оның есебінде жеті жасар қыздан бөлек, зорлық-зомбылықпен ұласқан қарақшылық шабуылдың тағы 11 құрбаны бар. Барлық әйел, олардың арасында жиырма, қырық және алпыс жастағылар да болған, алған жарақаттарына қарамастан аман қалды. Кричиневский 1999 жылы қарақшылық, зорлау, тонау және бала өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп, 2024 жылдың қаңтарында бостандыққа шықты.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама