ПОДЕЛИТЬСЯ
14 шілде 2022 | 15:08
Шымкетте полицейлер ер адам шабуылдаған қызды қысқа киінгені үшін кінәлаған
Шымкентте пышақ ұстаған ер адам бойжеткенге шабуыл жасады. Қыз бұл жағдай туралы полицияға хабарлауға тырысқанда, олар жәбірленушінің қысқа киім кигенін айтып, ер адамның қылмысын ақтауға тырысқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Шымкентте пышақ ұстаған ер адам бойжеткенге шабуыл жасады. Қыз бұл жағдай туралы полицияға хабарлауға тырысқанда, олар жәбірленушінің қысқа киім кигенін айтып, ер адамның қылмысын ақтауға тырысқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға Шымкенттің Нұрсат шағынауданында болған. Күдікті қызға шабуыл жасамақ болған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода ер адам бастапқыда тығылып, артынша қыздың қасына келіп пышақты шығарғанын көруге болады. Қыз айғайлап үлгерген, сөйтіп күдікті қашып кеткен. Жәбірленуші бұл оқиға туралы "НеМолчиKZ" қоры өкілдеріне айтып берген.
"Мен телефонмен сөйлесіп тұрғанмын. Қасымда бір жігіт кетіп бара жатты, оған аса мән бермегенмін, сөйтсем ол ағаштың артында тығылып, екі минуттан кейін мен жаққа келе жатқан екен. Қарасам маған қарай жақындап келе жатыр, бір нәрсе сұрайды екен деп ойладым, ол жақындап, пышақты шығарып, "тыныш" дей бастады. Мен қатты таңғалып, не істерімді білмей, тұрып қалдым, пышақ сұғып алатын шығар деп ойладым. Тағы бір қадым аттағанда қатты айғайлап жібердім. Ол қорқып, қашып кетті. Ол не істегісі келгенін білмеймін, бірақ өте қорқынышты жағдай, орнымнан қозғала алмай қалдым. Бәрі бес минуттың ішінде болған жағдай", - дейді жәбірленуші қыз.
Ол полицейлерге арызданған. Бірқ полицейлер жәбірленушінің өзі қысқа киініп алғанын айтып, күдіктінің әрекетін ақтамақ болған.
"Мен Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне арыз жаздым. Учаскелік полиция қызметкеріне барсам, ол маған: "Әрине, қысқа шорты киіп алыпсың, кез келген адамның ойы адасады, сондықтан саған жақындады", - деді. Бұл қорқынышты түс, енді қауіпсіз жүру үшін шорты кие алмайсың ба? Осы адамды тауып, оқшаулау керек, Құдай сақтасын, біреудің басына осындай жаман жағдай түспесін", - дейді жәбірленуші.
Полиция департаменті әріптесінің әрекетін қызметтік комиссия қарайтынын хабарлады. Сондай-ақ департамент күдіктіні іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын атап өтті.
"2022 жылдың 12 шілдесінде Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция бөліміне қала тұрғыны арызданған. Ол өз арызында 2022 жылдың 4 шілдесінде сағат 22.00 шамасында Нұрсәт ықшамауданында пышақ ұстаған бейтаныс ер адам жақындағанын жазған. Қазіргі уақытта оны анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің өкілдері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также