Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) арнайы операциялар туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері есірткі жеткізудің 11 халықаралық және 3 өңірлік арнасының жолы кесіліп, 5 жасырын зертхананың қызметі залалсыздандырылған.
"Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл шеңберінде есірткіге қарсы 10 халықаралық операция жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 240 келі есірткі тәркіленді, оның ішінде 3,1 келі героин, 8 келі метамфетамин, 53,5 келі апиын, 74,2 келі гашиш, 80,9 келі марихуана және 19,3 келі психотроптық заттар, сондай-ақ 3 тоннадан аса прекурсорлар бар", - деп хабарлады ҰҚК.
Аталған құқықбұзушылықтарды жасады деген күдікпен 43 Қазақстан азаматы және 8 шетелдік ұсталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.