ПОДЕЛИТЬСЯ
25 мамыр 2022 | 15:30
"Ұлымды өлтірген күдікті бостандықта жүр". Алматы облысының тұрғыны істі қайта қарауды талап етті
Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылының тұрғыны Мұхат Мадияров баласының өліміне себепші болған адам жазадан құтылып кетеді деп алаңдайды. Оның айтуынша, осыған дейін де бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған ер адам еш негізсіз амнистияға іліккен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылының тұрғыны Мұхат Мадияров баласының өліміне себепші болған адам жазадан құтылып кетеді деп алаңдайды. Оның айтуынша, осыған дейін де бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған ер адам еш негізсіз амнистияға іліккен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty телеарнасына сілтеме жасап.
Мұхат Мадияров 6 айдан бері ұлының қазасы үшін әділдік іздеп, шырылдап жүр. Қарасай аудандық полиция бөлімінің табалдырығын тоздырып, кінәлі азаматты жауапқа тарту керектігін айтып шаршадым дейді. Зейнеткерге тіпті тергеушілер де дөрекілік танытқан көрінеді.
"Тергеуші Иса маған телефонмен хабарласып, келіп қол қойыңыз, қайда шағымдансаңыз да мен шешемін деді. 15 істі тергеп жатыр екен. Сондықтан уақыты жоқ деп дөрекілік танытты", - деді марқұмның әкесі Мұхат Мадияров.
Телеарна тілшісінің сөзінше, қайғылы оқиғаға себеп болған жанжал өткен жылдың 26 қарашасында болған. Күдікті марқұмның кеуде тұсынан 2 мәрте ұрып, кейін итеріп жіберген. Барлық көрініс бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Жерге құлаған марқұм сол жерде 40 минуттай ес-түссіз жатқан дейді әкесі. Қасындағылар оны ауруханаға да апармаған. Тіпті, сол жерде болған куәгер ұлын көлікке салып, үйінің маңына тастап кеткен. Баласы артынша, комаға түсіп, қайтыс болыпты. Артында оң-солын танып үлгермеген қос бүлдіршіні қалды деп зар жылап отыр. Ол күдіктіге қатысты айғақ табылса да бірде-бір рет сот отырысы болмағанына қапалы.
"Мен әлі де іс-құжатты қайта қарап, тексертіп, оқиға орнындағы куәгерлерді жауапқа алып, әділ шешім шығады деп сенемін", - деді марқұмның әкесі Мұхат Мадияров.
Ал күдікті рақымшылыққа ілікті деген әкесінің сөзін Қарасай аудандық прокуратурасы да растап отыр.
"Күдіктінің ісі ҚК-тің 106-бабы 3-бөлімімен және 104-баптың 1-бөлігіне сай абайсызда болған қылмыстық оқиға болып тіркелді. Бұл іс ауыр қылмыс санатына жатпайды. Соған байланысты тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында рақымшылық жасау туралы шешім шықты", - деді Қарасай ауданы прокурорының орынбасары Ержан Омбаев.
Марқұмның ата-анасы бұл шешіммен келіспейді. Олар іс аяқсыз қалса, Бас прокуратураға жүгініп, әрі қарай Президентке хат жазбақ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также