Көзі көрмейтін вокалист Айсұлу Тұрымбек музыканы Брайль қарпімен жазып, кәсіби музыканттармен бірге сахнаға шығады. Оның жолы - Қазақстандағы инклюзия дыбысқа деген көзқарастың өзін өзгертіп жатқан жаңа музыкалық шындықтың бір бөлігі. Толығырақ Tengri Life материалында.
Бір музыканттың хикаясы
Біз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Айсұлу Тұрымбекпен сұхбаттастық. Музыка оның өміріне кәсіби мамандыққа айналмас бұрын енген: алғашында бұл бала кезгі әуестік болса, қазір саналы түрде таңдалған жол.
"Мен Тараз қаласының тумасымын. Барлығы хобби ретінде басталды. Кішкентай кезімнен сахнада ән айттым, сегіз жасымнан бастап конкурстарға, концерттерге, түрлі іс-шараларға қатыстым. Ал мектептен кейін болашақ бағытымды таңдайтын кез келгенде, музыка мен үшін жай ғана әуестік емес екенін түсіндім", - дейді ол.
Айсұлу Алматыдағы Островский атындағы нашар көретін және көзі көрмейтін балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты бітірген. Дәл сол жерде ол музыканы тереңірек сезінуді - дыбыстың ішкі түйсігіне сүйенуді үйренді. Бойжеткен алғашқыда, әсіресе ноталармен қиындықтар болғанын мойындайды. Оларды Брайль жүйесі бойынша айтып тұрып, жазып алу керек болған.
Фотоны Unbound Music ұсынды
Мектептен кейін Айсұлу Тараздағы колледждің академиялық вокал бөліміне түседі. Ол сол кездің өзінде-ақ бұл тек бастамасы екенін білген.
"Мен әрі қарай - консерваторияға барып, кәсібилікті, музыканы тереңірек меңгергім келетінін сездім", - дейді ол.
Оқу оңай болған жоқ. Оның айтуынша, ол алдымен колледжде, кейін консерваторияда инклюзия бойынша білім алған алғашқы студент болған. Бұл жол тек талант пен еңбекті ғана емес, сонымен бірге ішкі төзімділікті де талап етті.
Дегенмен ол бұл жолда жалғыз болмады. Жанында ата-анасы мен ұстаздары - оған сенген, қолдаған және тоқтауға жол бермеген жандар болды. Айсұлудың айтуынша, дәл осы қолдау оның қалыптасуындағы негізгі тіректің біріне айналған.
Қазақстандағы инклюзия
Еліміздің шығармашылық индустрияларында инклюзияның дамуы біркелкі емес. Дегенмен Қазақстанда мүгедектігі бар әртістерге мүмкіндік беретін және олардың шығармашылығына арналған алаңдар ұсынатын бірнеше жоба бар. Солардың бірі - Music Unbound.
Жоба өкілдері инклюзияның бірте-бірте институционалдық деңгейде бекіп келе жатқанын атап өтеді: елімізде барлық кезеңде инклюзивті білім беру кепілдіктері жұмыс істейді, бұл шығармашылық ортадағы алдағы өзгерістерге негіз болады.
"Тыңдарманның қабылдауы өзгеріп жатыр"
Жоба өкілдері инклюзивті әртістер арасында синергияға қол жеткізу үшін коммуникация құруға көбірек уақыт қажет екенін түсіндірді. Команданың әрбір мүшесі дыбыс пен музыканы өзінше қабылдайды, сондықтан барлығы қарапайым тәжірибелерден басталып, содан кейін ғана ұжымдық жұмыс жолға қойылады.
Фотоны Music Unbound ұсынды
Music Unbound ақпаратынша, инклюзивті тәжірибелердің өзі музыкалық тілді қайта жазбайды. Бірақ қабылдау өзгереді - тыңдармандар бұл музыканың қалай пайда болатынына көбірек көңіл бөле бастайды. Бұл жерде нәзік тұстар өз рөлін атқарады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Процесс шынайырақ бола түседі, өйткені назар әдетте "жол арасында" қалатын нәрселерге аударылады: кідірістер, қимылдар, дыбыстың пайда болу сәті. Нәтижесінде өте дәл, кейде білінбейтін шешімдер пайда болады, бірақ олар әлдеқайда жанды қабылданады. Бұл музыкалық ой білдірудің өзгеше сапасы - азырақ көрсетілімді, бірақ мазмұндырақ", - деп атап өтті Music Unbound өкілдері.
Фотоны Music Unbound ұсынды
Осындай инклюзивті концерттердің бірі 30 сәуірде сағат 19:30-да "Целинный" заманауи мәдениет орталығында өтеді. Бағдарлама тек бір рет қана орындалады. Оған заманауи және барокко музыкасы, мүгедектігі бар композиторлардың премьералық шығармалары, сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет орындалатын туындылар енді.
Сахнада шотландиялық композитор және музыкант Бен Лун, Аршат Шәріптің жетекшілігімен камералық оркестр және солистер, соның ішінде көзі көрмейтін вокалист Айсұлу Тұрымбек өнер көрсетеді. Музыкалық үнді Михаил Григорьев пен Алпамыс Батыр жасаған генеративті визуалды қатар толықтырады.