Ақтөбеде қызбен кездесуге бару үшін қаражатты өзі таппақ болған 11 жастағы мектеп оқушысы желі қолданушыларының назарын аударды. Отбасылық бюджетке салмақ салғысы келмеген төртінші сынып оқушысы жергілікті наубайханаға жұмыс сұрап барған, - деп хабарлайды Tengri Life.
Мән-жайы
Бәрі жергілікті наубайханалардың біріне оқушы баланың келіп, "маған жұмыс табыла ма?" деген ерекше сұрағынан басталған. Мекеме иесі Асқар алғашында баланы біреу ақша табуға мәжбүрлеп жүр ме немесе басына күн туды ма деп күдіктенген.
"Біз оны біреу қысып жүр ме деп ойладық. Себебін сұрағанымызда, ол бір қызды қонақ қылу үшін ақша тапқысы келетінін айтты", - дейді Асқар видеода.
Наубайхана иесі баланың бастамасын қолдап, оған шамасы келетін жұмыс берген, қоқыс шығаруға көмектесу. Вадим өз еңбегі үшін өміріндегі алғашқы "жалақысын" алды, ол шамамен 3-4 мың теңге.
@aslanzs Біздің наубайханадағы ер-азаматтарға үлгі😎
♬ түпнұсқа дыбыс - Aslan ZX
Бұл видео 360 мыңнан аса қаралым жинады. Желі қолданушылары оқушының тәрбиесі мен дербестігіне тәнті болды.
"Нағыз ер-азамат өсіп келеді", "Жайсаң бала екен: әке-шешесінен сұрамай, қызды күтуге өзі ақша тауып жүр", "Бәріне осындай ұл тілеймін", "Балақай жарайсың, мұндай тәрбие мен бастаманы көру өте жағымды. Жігіттер, оны қолдағандарыңыз үшін рақмет", - деп жазды желі қолданушылары.
Оқушының ата-анасы не дейді?
Біз баланың анасы Олесямен хабарластық. Оның айтуынша, Вадим 11 жаста, Ақтөбедегі мектептердің бірінде 4-сыныпта оқиды.
"Оның бос уақыты көп емес: түске дейін мектепте, кейін үйде сабақ оқиды, достарымен серуендейді", - деді ол.
Баланың анасы желідегі мұндай дүрбелең отбасы үшін күтпеген жағдай болғанын мойындады.
"Пікірлер мен видеоға келетін болсақ: бұл мен үшін өте тосын болды. Көпшіліктің назар аударғаны... біз үшін бұл қалыпты мінез-құлық. Әкесі осылай тәрбиелейді", - дейді Олеся.
Вадимнің өзі болса, кенеттен келген танымалдылыққа сабырмен қарайды. Ол болашақта өмірін шығармашылықпен байланыстырып, өзгелерге шабыт беретін кино түсіруді жоспарлап жүр.
"Мен актер болғым келеді, өйткені фильм көргенді ұнатамын және оны өзім түсіргім келеді", - деді Вадим.
Бұл оқиға оқушы үшін тағы бір жағымды жаңалықпен аяқталды. Баланың зеректігіне тәнті болған видео авторы Вадимге велосипед сыйлады. Енді кездесуге бұрынғыдан да жылдам жетуге болады.