Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды

Иконка просмотров страница
Иконка комментария страница

Бөлісу

Фото © Тұрар Қазанғапов

Бүгін, 18 мамырда қазақстандық ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengri Life.


Бүгін, 18 мамырда қазақстандық ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengri Life.

"Әрқашан шындықты айтуға тырыстым"

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ кавалериялық полкі офицерінің отбасында дүниеге келген.

Сүлейменов 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетін бітірді. Сол жылы Мәскеудегі А. М. Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түсіп, онда 1961 жылға дейін білім алды.

Жарнама
Жарнама

Фото: e-history.kz сайтынан

Ақын Мәскеудегі оқу жылдарын былайша еске алады:

"Литинститутта оқып жүргенде бес дос болдық, атылған жазушылардың балалары - Болат Жансүгіров, Мереке Майлин және басқалар. Мен оларға: "Жігіттер, біз бәріміз өз республикамыздың, өз халқымыздың атынан келдік, сондықтан кез келген әлсіздіктен жоғары болуымыз керек" дейтінмін. Тіпті басқа ұлт өкілі достарыма арнап: "Жігіттер, мен арқылы қазақтарға баға беріңдер. Егер мен қорқақтық танытсам - демек, барлық қазақ қорқақ, егер мен бірдеңе ұрласам - барлық қазақ ұры" деген жолдарды жаздым. Біз алдымызға осындай міндеттер қойдық", – деді ақын 2016 жылы Олжас Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған "Әлем адамы" форумында.

Олжас Сүлейменов, 2016 жыл / Фото: Tengrinews.kz

Осыдан 10 жыл бұрын өткен сол форумда қоғам қайраткері өз өмірінде ешқашан опасыздық жасамағанын және әрқашан тек шындықты айтуға тырысқанын мақтанышпен мәлімдеген болатын.

"Қазір мен оқырмандарымның алдында осы жылдар ішінде бірде-бір рет пасық әрекет жасамағанымды, ешқандай арам пиғылды хат жазбағанымды, ешбір сорақы құжатқа қол қоймағанымды айтып, есеп бере аламын. Мен әрқашан шындықты айтуға тырыстым. Бұл - әр адамның өткен онжылдығына, тіпті өткен жылына беретін өте маңызды есебі. Егер бұл дәстүрді көпшілік қабылдаса, егер біз мұны шәкірттерімізге үйретсек, онда біз бүкіл халықтық және жалпыадамзаттық деңгейде кемелдене түсеміз", – деді ақын.

Ол әр жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарды және оның атынан өкілдік етті, Мемлекеттік кинематография комитетіне жетекшілік етті, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

"Өзіңдікін жоғалтпай, өзгенікін игеру"

1989 жылы ол Семей ядролық полигонын және әлемдегі басқа да ядролық полигондарды жабуды мақсат еткен "Невада - Семей" халықтық қозғалысының бастамашысы әрі көшбасшысы болды.

"Біз - ұлан-ғайыр аумаққа жайылған елміз, барлық мәдениетттің әсеріне ұшырайтын ұлтпыз. Бұдан қорықпау керек. Мұны игілікке пайдалану қажет. Егер біз ақыры "өзіңдікін жоғалтпай, өзгенікін игеру" қағидасы бойынша әрекет етсек, мұны жүзеге асыра аламыз", – деді Сүлейменов.

Архив фото: olzhas-sulejmenov.ru сайтынан

Кейінірек ол "Қазақстанның халық конгресі" партиясын басқарды, Қазақстанның Италия, Грекия және Мальтадағы елшісі болып жұмыс істеді, содан кейін ЮНЕСКО-да ел намысын қорғады. Сонымен қатар әдеби және түркітану саласындағы зерттеу қызметін жалғастырды.

"Гуманистік идеялар ұлттық мәдениеттің игілігіне айналды"

Бүгін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Олжас Сүлейменовке арнайы барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Мемлекет басшысы жазушының еңбегін ерекше атап өтті.

"Сіз Қазақстанда және әлемдік деңгейде көрнекті ақын әрі ойшыл, беделді қоғам қайраткері ретінде лайықты танымалдылық пен құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз мемлекетіміздің шекарасынан тыс жерлерде де ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ой-сананың игілігіне айналды. Өзіңіздің бірегей шығармашылығыңызбен қазақ халқының тарихи сана-сезімінің жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз", – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Олжас Сүлейменовке әдебиетке, қоғамдық қызметке және ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Ол жазушы негізін қалаған "Невада – Семей" қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы күрестің нышандарының біріне айналғанын және Семей полигонының жабылуында маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Олжас Сүлейменовтің шығармалары ондаған тілге аударылған.

Жастар арасында да оның тұлғасына деген қызығушылық бәсеңдеген емес. Мәселен, 2023 жылдың күзінде шетелдік блогер әрі мәнерлеп оқушы Ольга Сычеваның Алматы тауларының аясында оқыған Олжас Сүлейменовтің әйгілі "Айналайын" өлеңі желіде кеңінен тарады. Бірнеше апта ішінде видео миллиондаған қаралым жинады.

TengriLife
Пікірлерді оқу

Тағы оқыңыз
Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама