Әріптесті тыңдау, қиын жиналыстан кейін ұжымды сабырға шақыру, қызметкерге дағдарыстан шығуға көмектесу - мұның бәрі көптеген басшының жұмыс күнінің ажырамас бөлігіне айналғалы қашан. Бірақ мұндай жұмыс есептерге кірмейді, KPI-ға әсер етпейді және лауазымды өсіру кезінде ескеріле бермейді. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы жүктеме эмоционалдық қажуға жиі себеп болады, деп хабарлайды Tengri Life.
Business Insider ақпаратынша, ірі компанияларда қазір "эмпатия салығы" деп аталатын жаңа құбылыс туралы жиі айтыла бастады. Бұл терминді басшылардың тек ұжымды басқарып, нәтижеге жауап беріп қана қоймай, қызметкерлер үшін психолог, бітімгер және эмоционалды тірекке айналатын көрінбейтін еңбегіне қатысты қолданады.
Мұндай жүктемеге көбінесе әйелдер, әсіресе басшылық лауазымдағылар тап болады. Бұл ретте ұжымды қолдауға жұмсалған уақыт пен күш-жігер KPI көрсеткіштерінде көрініс таппайды, тиімділікті бағалау кезінде есепке алынбайды және мансаптық өсуге сирек септігін тигізеді.
Зерттеулер көрсеткендей, басқарушы лауазымдағы әйелдердің 80 пайыздан астамы жұмыс аптасының кемінде 30 пайызын қызметкерлерге эмоционалды қолдау көрсетуге байланысты тапсырмаларға жұмсайды. Іс жүзінде бұл - стратегиялық міндеттерге емес, әңгімелесуге, жанжалдарды шешуге және әріптестеріне стрессті жеңуге көмектесуге кететін шамамен бір толық жұмыс күні.
Бұл үрдіс 2020 жылы, COVID-19 пандемиясы мен қашықтан жұмыс істеуге жаппай көшу кезінде қызметкерлердің амандығы (well-being) бизнестің басты басымдықтарының біріне айналғанда күшейе бастады. Көптеген халықаралық компаниялар сол кезде әл-ауқат бағдарламаларына мән беріп, басшыларды ұжымның психологиялық жағдайына көбірек көңіл бөлуге шақырды.
Алайда бірнеше жылдан кейін экономикалық тұрақсыздық, қысқартулар және жасанды интеллекттің белсенді енгізілуі аясында бұл жүктеме тіпті арта түсті. Көптеген компанияларда менеджердің міндеттері мен бейресми психологтың рөлі арасындағы шекара мүлдем жойылып кетті.
"Менің жағдайымды ешкім сұрамады"
Лондондық HR-бағыттың 39 жастағы жетекшісі Эйми Янг 2020 жылы декреттік демалыстан шыққаннан кейін, іс жүзінде екінші жұмысқа - қызметкерлерге эмоционалды қолдау көрсету міндетіне ие болғанын еске алады.
"Сыртынан бәрі жақсы көрінетін: менің байланыстарым болды, мені құрметтейтін және маған сенетін. Бірақ перде артында ешкім менен бәрі дұрыс па деп сұрамады. Өткенге көз салсам, өзіме алған осы эмоционалды еңбектің қажуға әкелетін таптырмас "рецепт" болғанын түсінемін", - деді ол.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалар қазір сирек кездесетін жайт емес. Консалтингтен бастап денсаулық сақтау саласына дейінгі түрлі салалардағы басшылар эмоционалдық шамадан тыс жүктемеге тап болып жатыр.
"Негізгі жұмысым ұйқымды ұрламайды"
Бостондық 41 жастағы Кейт дәл осы тұрақты психологиялық жүктеме салдарынан консалтинг саласынан кеткен. Оның айтуынша, одан тек басшы болу емес, сонымен бірге өз ұжымы үшін терапевт болу күтілген. Лос-Анджелестегі денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін тағы бір басшы жұмыстың дәл осы бөлігі ең ауыры болғанын мойындайды.
"Ақы төленетін нақты жұмысым үшін түнде уайымдап, ұйқымнан айырылмаймын. Бірақ мына стреске толы әлемде менімен бірге жұмыс істейтін адамдардың өздерін бақытты әрі еленгендей сезінуін ойлау - ұйқымды қашырады", - дейді ол.
Жасанды интеллектпен алмастыру қиын дағды
Сарапшылар бүгінде эмпатия басшы үшін ең құнды дағдылардың біріне айналып жатқанын атап өтіп жатыр. Қарым-қатынас орната білу, сараланған шешімдер қабылдау және адамдарға қолдау көрсету қабілеті - жасанды интеллект үшін қайталау ең қиын дүние болып қала бермек.
Дегенмен, бұл жерде қайшылық туындайды. Компаниялар менеджерлерден жоғары эмоционалды атсалысуды көбірек талап еткенімен, мұндай жұмыс тиімділікті бағалау жүйесінде іс жүзінде көрінбей қалады. Ол KPI-ға кірмейді, лауазымның өсуіне сирек әсер етеді және ешқандай өтемақы төленбейді.
Мамандардың пікірінше, бұл "эмпатия салығы" көрінбейінше, оны басшылар өз уақытымен, күш-жігерімен және менталды саулығымен төлей береді. Сондықтан әріптестерге эмоционалды қолдау көрсету жасырын кәсіби қажудың басты себептерінің біріне айналып келеді.
Тағы оқыңыз: Неге әріптестер таң атқаннан ашуды келтіреді? Ғалымдар күтпеген себепті тапты
Пікірлерді оқу