Ұзақ пікірталастан кейін Франция парламенті эвтаназия туралы заң қабылдады

Ұзақ пікірталастан кейін Франция парламенті эвтаназия туралы заң қабылдады Фото:depositphotos.com

Францияның Ұлттық жиыны сәрсенбі күні "эвтаназия құқығын" заңдастыру туралы түпкілікті шешім қабылдады. Бұл емделмейтін дерттің соңғы сатысындағы, есі дұрыс ересек емделушілерге өлімге әкелетін дәрі-дәрмектерді қабылдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.

Бұл препараттарды дәрігер тағайындайды, ол алдын ала басқа әріптестерімен кеңесуге міндетті. Әдетте, емделушілер дәріні өз бетінше қабылдайды. Егер олардың бұған физикалық мүмкіндігі болмаса, оларға дәрігер немесе медбике көмек көрсетеді.

"Бұл жерде, негізінен, ассистирленген суицид (көмек арқылы өз-өзіне қол жұмсау) туралы сөз болып отыр. Өмірді тоқтатуға жәрдемдесудің мұндай түріне белгілі бір жағдайларда Еуропаның басқа елдерінде де, мысалы, Австрия, Германия және Швейцарияда рұқсат етілген", - делінген материалда.

Жарнама
Жарнама

Сонымен қатар Еуропалық парламенттің мәліметінше, Нидерланды, Бельгия және Испания сияқты кейбір Еуропа елінде белсенді эвтаназияға рұқсат берілген, оны "емделушінің өтініші бойынша өмірін қию" деп те атайды. Бұл жағдайда өлімге әкелетін препаратты үшінші тұлға, көбінесе дәрігер салады. Францияда да ерекше жағдайларда осындай мүмкіндік қарастырылады деп күтіледі.

Бұл түрлерден бөлек, жанама эвтаназия (өлімнің тездетілуі ауырсынуды басатын дәрілердің жанама әсері болуы мүмкін) немесе пассивті эвтаназия (емделушінің қалауы бойынша өмірді қолдау шаралары тоқтатылады) бар. Еуропа елдерінің көпшілігінде эвтаназияның кем дегенде осы түрлерінің біріне рұқсат етілген.

Еуропаның түрлі елдеріндегі құқықтық жағдай әртүрлі. ЕО-ға мүше мемлекеттер бұл мәселелерді өз бетінше шешеді. Қазіргі уақытта Ирландия мен Мальта сияқты кейбір Еуропа елі эвтаназия туралы заңнама бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал Ұлыбританияда белсенді эвтаназияны заңдастыру әзірге мақұлданбады.

Өмірден өтуге көмек көрсетуді рұқсат ету-етпеу мәселесі қоғамдық және саяси тұрғыдан өте сезімтал тақырып. Бұл француз заңын қабылдау барысында да айқын көрінді. Заң жобасы Ұлттық жиында да, Сенатта да үш реттен оқылды. Егер Ұлттық жиын заңды қолдаса, парламенттің неғұрлым консервативті палатасы саналатын Сенат оны үш рет кері қайтарды. Франция конституциясына сәйкес, шешуші сөз Ұлттық жиында қалды.

Сын, ең алдымен, заңға ашық түрде қарсы шыққан Францияның католик епископтары конференциясы тарапынан айтылды. Тіпті талқылау кезеңінде-ақ епископтар парламенттің екі палатасындағы дауыс беру нәтижелерінің шамалы айырмашылығы француз қоғамының бұл мәселеде "жікке бөлінгенін" көрсететінін атап өткен болатын.

БАҚ мәліметінше, премьер-министр Себастьен Лекорню заңды тексеру үшін Конституциялық кеңеске жібермек ниетте.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама