ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 12 шілде 2026 15:25
Ақмола облысында көлік суға кетіп, балалар қаза тапты
Ақмола облысында екі баланың өмірін қиған қайғылы оқиға болды. Қыздар суға сырғып кеткен көліктің ішінде тұншығып қалған, - деп хабарлайды тілші Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, 11 шілдеде бір отбасы Целиноград ауданындағы жасанды су айдынының маңына түнеуге барған. Таңертең суға шомылғаннан кейін 9 және 12 жастағы апалы-сіңлілі киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке мінген.
Сол сәтте көлік кенет еңіспен төмен қарай сырғып, суға түсіп кеткен. Балалардың әкесі қыздарын бірден құтқаруға ұмтылғанымен, оларды алып шыға алмаған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға су басқан карьерлердің бірінде болған. Ішінде кәмелетке толмаған балалар отырған жеңіл көлік әзірге белгісіз себеппен суға қарай сырғып кеткен.
"Хабар түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен техникасы жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде ол жерде полиция қызметкерлері болған. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде мамандар көлікті судан алып шықты. Оның салонынан екі баланың денесі табылды. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуді облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр", - деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Осы арада Жетісу облысында да жуырда суға қатысты бірнеше қайғылы жағдай тіркелді. Шомылуға тыйым салынған су айдындарында ересектердің қарауынсыз қалған төрт бала қаза тапқан.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу