ПОДЕЛИТЬСЯ
02 маусым 2022 | 09:04
Алматы маңында пойыз "жигулимен" соқтығысты: оқиғаның мән-жайы айтылды
1 маусымда таңертең Алматы іргесіндегі Жармұхамбет ауылына баратын өткелде "жигули" мен пойыз соқтығысты, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
ПОДЕЛИТЬСЯ
1 маусымда таңертең Алматы іргесіндегі Жармұхамбет ауылына баратын өткелде "жигули" мен пойыз соқтығысты, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна тілшілері оқиғаның жай-жапсарын оқиға куәгерлерінен білген. Олардың айтуынша, көлік рельс арқылы өтпек болғанымен, жүргізуші үлгермеген. Пойыз екі адам отырған көлікті 100 метрдей сүйреп әкеткен.
Машинист те оқиғаға қатысты пікір білдірген. Ол пойызды шұғыл тежеген, бірақ апаттың алдын алу мүмкін болмаған.
"Оқиға таңғы сағат 6 шамасында болды. Мен бәрін нұсқау бойынша орындадым. Жақындаған кезде қатты дыбыс шығардым. Көлік өтіп үлгермей қалғанын көрдім, пойыз қағып өтті. Менде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр", - дейді пойыз машинисі Мұхамет Зейнолдин.
Телеарна мәліметінше, "жигули" жүргізушісі зардап шекпеген, бірақ оның әйелі көптеген дене жарақаттарымен ауруханаға түскен.
Теміржол өткеліне қызмет көрсететін компания өкілдері өз қызметкерінің кінәсіздігіне сенімді.
"Бұл өткелге біз жауаптымыз. Бұл жерде бәрі айқын, пойыз уақыты бойынша жүрген, ал жүргізуші тыйым салу белгілеріне қарамастан өткен. 2 белгі бар. Бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Полиция хаттама толтырды, бұдан әрі жағдай қалай өрбиді көреміз", - деді Dar Company-2008 өкілі Айдын Байрақов.
Жәбірленушінің туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Олар реттеушілер кінәлі деп есептейді.
"Неге жол реттеушілері өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатпады, пойыз келгенде ол жоқ болды. Мұны маған күйеу балам айтты. Неге шлагбаум жоқ? Енді зардап шеккендерді кінәлі қылғылары келеді, полицейлер хаттама толтырды", - дейді жәбірленушінің ағасы Сейітқазы Хантеміров.
Облыстық Полиция департаменті көлік жүргізушісіне қатысты іс қозғалғанын растады.
"Бұл дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігінде көзделген материалдар жиналды. Іс әкімшілік сотта қаралады", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайдылдин.
Жергілікті тұрғындар бұл учаскеде көлік кептелісі жиі туындайтынын айтады. Көбінесе жүргізушілер көлік кептелісін болдырмауға тырысып, жол ережесін бұзып, ақыры апатқа әкеліп жатады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также