ПОДЕЛИТЬСЯ
16 ақпан 2022 | 09:22
Алматы облысында прокуратура ғимараты маңдайшасына ілінген ескі елтаңба назарға ілікті
Қазнет қолданушылары Алматы облысында аудандық прокуратура ғимаратында ескі үлгідегі елтаңба ілініп тұрғанын байқап қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазнет қолданушылары Алматы облысында аудандық прокуратура ғимаратында ескі үлгідегі елтаңба ілініп тұрғанын байқап қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұны Facebook қолданушысы Асқарбек Қазанғап байқап, жазған. Ол Іле ауданы прокуратурасының маңдайшасына орнатылған елтаңбада "Қазақстан" деген жазу кириллицамен жазылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сонау 2018 жылы еліміздің барлық мемлекеттік органы мемлекеттік рәмізді латын қарпіндегі жазуы бар жаңартылған нұсқасына - QAZAQSTAN-ға ауыстыруы тиіс болатын.
"Ғимарат маңдайшасындағы елтаңба жазуы әлі күнге латын қарпіне ауыспаған. Ал, мемлекеттік мекемелер ол ережеге 4 жыл бұрын міндеттелгенін ескерсек, құзырлы органның тәртіпке бағынуға құлқы жоқ сыңайлы. Төбесінде тұрған елтаңбаны пысқырмаған бұлар, адам тағдырын қайтіп жатыр екен дейсің... Осынша уақыт оны ұмыт қалдырып, неге ауыстырмағандарын енді қалай түсіндірер екен? Бюджеттен ақша қарастырылмаған шығар", - дейді жазба авторы.
Кейінірек Іле ауданының прокуратурасы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Қадағалау органының мәліметінше, әлеуметтік желілердегі жазбадан кейін елтаңба ауыстырылған.
"Осы орайда бұл деректі аудан прокуратурасының басшылығы назарға алды. Мемлекеттік елтаңба ауыстырылды. Басқа ештеңе айта алмаймын", - деді телефон арқылы сөйлескен аудан прокурорының орынбасары Нұрбосын Мақашев.
Алайда ол фото айғақ ұсынудан бас тартты. Бұл ақпарат бойынша Мақашев Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне хабарласуды өтінді.
Еске салайық, 2018 жылдың қыркүйегінде Ғылыми-техникалық комиссия еліміздің мемлекеттік елтаңбасының жаңартылған стандартын бекіткен болатын. Қазір елтаңбада QAZAQSTAN деп жазылады. Тиісті өзгерістер сол жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енген "Мемлекеттік рәміздер туралы" заңға енгізілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также