Әлеуметтік желілерде Алматыда ер адамның баланы тепкен видеосы тарады. Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеода бір топ баланың бір-біріне зат лақтырып ойнап жүргені көрінеді. Бір сәтте ірі денелі ер адам жүгіріп келіп, балалардың бірін теуіп жібереді. Бала жерге құлап түседі, ал ер адам оқиға орнынан кетіп қалады.
Алматы полициясы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"Бұл дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті жедел түрде анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", - деді Алматы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Оқиғаға балалар омбудсмені Динара Зәкиева да пікір білдірді. Ол Instagram парақшасында:
"Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деп жазды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!