Екі жасөспірім жалға алынған самокатпен жаяу жүргіншілер жолында келе жатып, сәби жатқан арбаға соғылған. Оқиға видеоға түсіп қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеоға қарағанда, жасөспірімдер электрсамокатты пайдалану ережелерін елемей, тар жаяу жүргіншілер жолында жылдамдықты асырып келе жатқан. Олар қарсы бағытта арба сүйретіп келе жатқан отбасыны байқап үлгермей, бала жатқан арбаға соғылған. Абырой болғанда, сәби зардап шеккен жоқ.
Алматы Полиция департаменті жасөспірімдер анықталып, олар жеке қозғалыс құралдарын пайдалану ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Сондай-ақ, ата-аналары да балаларын тиісті деңгейде тәрбиелемегені үшін жауапқа тартылған.
"Бұдан бөлек, жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу, бақылауды күшейту және салдар жөнінде түсіндірме берілді", – делінген ведомство хабарламасында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!