Астана полициясы 18 жастағы жігітті құтқару сәтінің кадрларын жариялады. Оның "Көркем-3" ТҮК шатырына шығып алғаны айтылған болатын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Елордалық Полиция департаменті мәліметінше, жігітпен келіссөз жүргізуші полицей Ильдар Рамазанов сөйлескен. Келіссөздер шамамен бір жарым сағатқа созылды.
Полиция майорының айтуынша, сөйлесу барысында жігіт екіұдай күйде болған: алдымен түсуге келісіп, кейін қайта бас тартқан. Шешуші сәтте, жігіт ақыры түсуге келісім бергенде, полицей жедел әрекет етіп, оны ұстап үлгерді.
"Ең бастысы - байланыс орнатып, сенімге кіру", - деп бөлісті Рамазанов.
Сондай-ақ ведомство Ильдар Рамазановтың ішкі істер органдарында 2009 жылдан бері қызмет ететінін хабарлады. Полиция мәліметінше, осы уақыт ішінде ол қиын жағдайлардағы ондаған келіссөздерге қатысқан.
Полиция департаменті қазақстандықтарды жақындарына мұқият болуға және ауыр эмоционалды жағдайда жүрген жандарға бейжай қарамауға шақырды.
Тығырыққа тіреліп, өмірлік қиындықтардан шығар жол жоқтай көрінген жағдайда, тегін сенім телефондары немесе психологиялық қолдау қызметтері көмекке келе алады. Қазақстанда мұндай қызметтің бірнешеуі бар. Психологиялық көмек қажет болса, қайда хабарласу керектігі туралы мына сілтемеде.
Не болды?
Бұған дейін Tengrinews.kz Астанадағы "Көркем-3" ТҮК шатырына белгісіз ер адам шығып кеткенін жазды. Бұл жақында ғана өрт болып, үш баланың өмірін қиған тұрғын үй кешені. Редакция шұғыл қызметтермен байланысқа шықты, олар оқиға орнында келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді. Аумақ қоршауға алынып, психологтар тартылды, ал төменде құтқару жастығы жайылды.