Астана денсаулық сақтау басқармасы "Көркем-3" тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы айтты. 12 сәуірде болған өрт үш баланың өмірін қиды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Басқарма мәліметінше, әйел №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылған.
"Қазіргі уақытта пациент жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр. Жағдайы ауыр деп бағаланған", - деп хабарлады басқарма.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі дерегінше, оқиға орнында жедел медициналық көмектің үш бригадасы жұмыс істеді.
Не болды?
Бұған дейін Астана ТЖД өкілдері үш баланың өмірін қиған өрттің жай-жапсарын айтып берген болатын. Құтқарушылар мәліметінше, тұрғын үй кешені ауласына кіреберіс темір қақпамен жабылып, аула іші автокөліктерге толған.
Астана ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтың айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте пәтердің бүкіл аумағы отқа оранған. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушыларға оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға тура келді.
ТЖД мәліметінше, өрт дабылы мен құлақтандыру жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа түскен. Сонымен қатар, аулаға кіреберіс темір қақпамен жабылып, ішінде көлік көп болған. Соған қарамастан, ТЖД күштері өрттің көрші бөлмелерге таралуына жол бермеді.
Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерлердің бірінде болды.
Пәтерден үш баланың мәйіті табылды. Өртсөндірушілер бір әйелді құтқарып қалды, ол денесін күйік шалып, ауруханаға жатқызылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерді. Өрт дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды.