Абай облысында атпен жүрген полицей далада жоғалып кеткен үш жасар баланы тауып алды. Баланы құтқару кезіндегі жантебірентерлік сәт видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға 8 сәуірде Ақсуат ауданында болған. Ведомство мәліметінше, бүлдіршін ауладан байқатпай шығып кетіп, жоғалып кеткен. Жақындары іздеуді таңертең ерте бастап, сағат 11:00 шамасында полицияға хабарлаған.
"Полицейлер даланы, әрбір метр жерді тексерді, себебі уақыттың әр минуты қымбат екенін түсінді", - деп хабарлады Абай облыстық полиция департаменті.
Бірнеше сағаттан кейін атпен жүрген полиция қызметкері даладан баланы байқаған. Бүлдіршін ауылдан алыс жерде жалғыз жүрген.
Құқық қорғау органдары ұсынған бейнежазбада полицей қуанышын жасыра алмай, бүлдіршінге: "Айналайын, келе ғой…" дейді.
Бала сағат 14:00 шамасында елді мекеннен үш шақырым жерден табылды, оның денсаулығына зақым келмеген. Балақай жай ғана адасып кеткен.
Кейін баланың анасы бұл күн отбасы үшін ең ауыр күндердің бірі болғанын айтып берді.
"Баламның ауладан байқатпай шығып кетіп, жоғалып кеткенін түсінгенде, жүрегім тоқтап қалғандай болды. Әр минут мәңгіліктей созылды. Ана үшін баласының қайда екенін білмеу — сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сезім", - деді ол.
Әйел баланы тапқан полицейге ерекше алғысын білдірді. Бүлдіршінді Абай облысы ПД Ақсуат аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі Бақытбек Лиясқанов тапқан.
Полиция мұндай жағдайларда дереу көмекке жүгіну маңызды екенін еске салды, өйткені дәл осындай жедел әрекеттер адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: "Мама, 60 секундым қалды". Қарағанды облысында жоғалып кеткен бала табылды