ПОДЕЛИТЬСЯ
25 маусым 2019 | 14:53
Жарылыстардан кейінгі күн. Арыста не болып жатыр?
Tengrinews.kz журналистері Шоқан Алхабаев және Ернар Алмабек жарылыстар болған Арыс қаласына барды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Tengrinews.kz журналистері Шоқан Алхабаев және Ернар Алмабек жарылыстар болған Арыс қаласына барды.
© Шоқан Алхабаев, Ернар Алмабек
Шымкентте не болып жатыр?
Сағат түнгі 3 шамасында Шымкентке жеттік. "Бекжан" базарының жанындағы мешітте үлкен штаб бар. Арыстан эвакуацияланғандар сонда. Түнде мешітте 200-ге жуық адам түнеді.
Шымкенттің барлық дерлік мектебінде эвакуация пункттері ашылған. Біз олардың үшеуінде болдық. Әрқайсында 100-ге жуық адам бар.
Шымкенттен шығаберісте жол жиегінде тұрған көліктерді байқадық, оларды тұтас бір колонна десе болады. 500-ден аса көлікті санадық. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Түлкібасқа бара жатқанын айтады. Бұл Шымкент пен Тараз арасындағы ауыл. Ол жақта қауіпсіз дейді. Кей адамдар ЗИЛ-ға мініп кетіп жатыр. Көліктердің іші толы. Адамдар үй киімдерімен, қолға түскенді алып, шығып кеткен.
Арыс: қала босап қалған
Арысқа он шақырым жерде бақылау-өткізу пункті тұр. Қалаға арнайы қызмет көліктері мен өртсөндірушілерді ғана өткізеді.
Ал Арыс қаңырап тұр, ешкім жоқ. Барлығын Шымкентке алып кеткен. Арықа екі шақырым жерде солдаттар үлкен лагерь, шатырлар құрған. Полицейлер жағдайды қадағалап жүр. Арнайы қызметтердің он жеңіл көлігін байқадық.
© Шоқан Алхабаев, Ернар Алмабек
Кей тұрғындар бақылау-өткізу пунктінен өте алған. Бір әйел жалаң аяқ қашқанын айтады. Балаларымен жаяу 20 шақырымдай жүріп, су сұрап, көлік тоқтатуға тырысқан, бірақ нәтиже болмапты. Әйел оқиғаны айтып отырғанда жылап қалды. Оның балалары қазір Шымкентте, киім-кешектері жоқ, сондықтан анасы қауіпке қарамастан артқа қайтқан.
Әрбір екінші үйдің терезесі сынған. Жарылыс толқынынан сияқты. Жанып жатқан үйді байқадық. Шатыры қираған, төбеден бір нәрсе түскен. Бірнеше үй осылай жанып кеткен дейді. Тонаушыларды байқамадық.
Жарылыс тоқтады, естілмейді. Кешегі түтін басылған, өрт жоқ. Көшеден снарядтарды байқамадық.
Қала екіге бөлінген, орталықтан теміржол өтеді. Әскери бөлімше орналасқан бір жағы қатты зардап шеккен. Онда ешкімді жібермейді.
Саперлер снаряд іздеп жүр. Төрт адамнан тұратын екі топты көрдік.
© Шоқан Алхабаев, Ернар Алмабек
Арыстың зардап шеккен тұрғындарына кім көмектесіп жүр?
Мүлде бейтаныс адамдар ақшалай көмектесіп жатыр, студенттер де келді. Шамасына қарай тамақ та алып келіп жатыр. Ұйымшылдық пен қолдау сезіледі. Біреу балаларды үйіне кіргізді. 10 күндік баласы бар бір әйел эвакуациялық пунктке жеткізілді, оны жақын маңда тұратын адамдар үйіне алып кетті. Еріктілер көп, су, тоңазытқыш, тамақ әкеліп жатыр. Штабтарда тамақ жетіспеушілігі жоқ.
© Шоқан Алхабаев, Ернар Алмабек
Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған. Жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапты: бір әскери қызметкер мен бір қала тұрғыны.
Қалада болған оқиғаларға байланысты "Қауырт желісі" жұмыс істеп тұр.
Тәулік бойы қажетті ақпаратты Шымкент қалалық ТЖ департаментінен 8 (7252) 44-94-72, 35-33-66 нөмірлері бойынша алуға болады; Түркістан облысының ТЖД: 8 (7253) 35-83-02; ІІМ ТЖ Комитеті: 8 (7172) 53-32-84, 53-32-79.
Показать комментарии
Читайте также