Қарағандыдағы Федоров су қоймасында Үндістаннан келген екі студент суға батып кетті. Қайғылы оқиға 30 мамыр күні күндіз шомылуға тыйым салынған аумақта болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қаза тапқандар 2004 және 2005 жылы туған жастар. Құтқарушы-сүңгуірлер олардың денесін жағадан 15 метр қашықтықта, шамамен 5 метр тереңдіктен тапты.
"Қайғылы жағдай болған учаске шомылуға арналмаған және демалушылар үшін қауіпті. Бұл жерде су түбі тегіс емес, тереңдігі күрт өзгеретін тұстар бар. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар су айдынының қауіпсіздігін сыртқы көрінісіне қарап бағалауға болмайтынын ескертеді. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жерлерде шомылуға тыйым салатын арнайы белгілер орнатылады.
ТЖД өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Мамандар жабдықталмаған жерде шомылмауды, балаларды қараусыз қалдырмауды және суға мас күйінде түспеуді ескертті.
Айта кетейік, биыл жыл басында Үндістаннан келген студенттер Алматы маңындағы тас жолда болған ауыр жол апатынан қаза тапқан еді. 6 қаңтарда олар Шымкенттен Алматыға қарай жолға шыққан болатын.