Пхукетте 30 жастағы қазақстандық әйел бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Оны полицейлер қуған сәт видеоға түсіп қалған. Қазақстан СІМ бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жергілікті пабликтердің Пхукет полициясына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, MG автокөлігін тізгіндеген әйел бірнеше сағат бойы арал жолдарында бейберекет жүріп, мотоциклдер мен көліктерге соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы туралы хабарламалардан кейін құқық қорғау органдары көлікті тоқтатуға тырысқанымен, жүргізуші талаптарды елемей, қашуға әрекеттенген.
Соңында көлік ескі әуежай жолы ауданында шағын автобус пен мотоциклге соқтығысып тоқтаған. Апат салдарынан екі адам зардап шеккен.
Тәртіпбұзушыны ұстау үшін полицейлерге көліктің терезесін шағуға тура келген. Бұған дейін бұл әйелдің осыған ұқсас оқиғаларға қатысы болғаны атап өтілді.
Оқиға дерегі бойынша тергеу басталды.
СІМ пікірі
Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, ведомство Таиландта Қазақстан азаматының ұсталғанынан хабардар.
"Консулдық сол елдің құзыретті органдарымен байланыста және қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр", - деп пікір берді Қазақстан СІМ.
Министрлік оқиғаның мән-жайы Таиландтың құқық қорғау органдарымен бірлесіп анықталып жатқанын атап өтті.