ПОДЕЛИТЬСЯ
27 қазан 2021 | 09:36
Көкшетауда аурухана қызметкерлері Ақмола облысы басшылығына ультиматум қойды
Көкшетаудағы көпсалалы аурухана дәрігерлері бас дәрігер Ерлан Аяғановтың кетуіне байланысты Ақмола облысы басшылығына ультиматум қойды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы сюжетінде айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Көкшетаудағы көпсалалы аурухана дәрігерлері бас дәрігер Ерлан Аяғановтың кетуіне байланысты Ақмола облысы басшылығына ультиматум қойды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы сюжетінде айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, басшыны лауазымынан бас тартуға мәжбүрлеген. Маманды бұрынғы лауазымына қайта тағайындамаса, дәрігерлер жаппай жұмыстан шығамыз деп отыр. Дәрігерлердің жартысынан көбі арыз жазып үлгерген.
"Егер бас дәрігерді 1 қарашаға дейін жұмысқа қайта алмаса, жұмыстан шығуға өтініш жазуды жөн көрдік. Қазіргі уақытта 30 дәрігер өтініш жазған. Олар өтінішті қабылдамады. Аяғанов аурухана жұмысына күш салған жалғыз дәрігер. Жиһаз әкеліп, еңбек жағдайын жасады, басқа дәрігерлер сияқты уәде беріп қоя салмады. Сондықтан да оны қолдағымыз келеді", - дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Әлия Кенжебекова.
Ерлан Аяғанов – жоғары санатты нейрохирург. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Алайда аурухана қызметкерлері дәрігерге тағылған айып негізсіз деп санайды.
Арнайы комиссия Аяғановқа қызметінен кетуге ұсыныс жасағаны белгілі болды. Ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы растады. Бөлім қызметкерлерге қатысты қылмыстық іске сілтеме жасап отыр.
"Ұжымдық өтініштің бәрі белгіленген мерзімде және заңды түрде қаралады. Сондай-ақ, Көкшетау көпсалалы ауруханасының кейбір лауазымды тұлғаларына қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.
Ал жергілікті полиция департаменті әңгіме қандай іс туралы екенін және неге тек Аяғанов мансабымен қош айтысқанын түсіндіруден бас тартты. Оған қызметтік бабын асыра пайдаланып, алаяқтық жасады деген айып тағылған.
"Полиция департаменті өндірісінде "Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасы" КМК-нің лауазымды тұлғаларына қатысты 12.07.2021 жылғы ҚР ҚК-ның 190-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды", - деп түсіндірді Ақмола облысы бойынша ДП баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдікәрімова.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также