Өскеменде жантүршігерлік жол апатының салдарынан екі адам қаза тапты. Полиция мәліметінше, көліктердің бірі ұрланған болып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, Honda Inspire автокөлігін айдап кеткен 35 жастағы ер адам Малдыбаев көшесімен Аблакетка жақтан қалаға қарай келе жатқанда қарсы қозғалыс жолағына шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан қос көліктің де жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Mercedes автокөлігінің жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", — деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Сонымен қатар, полиция апат орнынан түсірілген кадрларды жариялады.