КИМЭП университетінің 22 жастағы түлегі Ақнәр Гүлстанның қазасына қатысты істі ҰҚК тергеп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақнәрдің қазасы
2024 жылғы шілдеде алматылық Ақнәр Гүлстан көпқабатты үйдің терезесінен құлап, ауыр жарақаттан қаза болды. Марқұмның туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді және оны курстастары өлтіргенін айтты.
Қайтыс болған қыздың анасы Камит Гүлстанның айтуынша, қызы құлар алдында азапталған. Сараптама нәтижесі бойынша, Ақнәрдың денесінде жарақат іздері бар, тістелген және тырналған жаралар болған. Пәтерден сынған тырнақтар мен жұлынған шаштар табылған.
Әйелдің сөзінше, оның қызын екі курстасы азаптап, кейін терезеден лақтырып жіберген.
Полициядан – Антикорға, кейін ҰҚК-ге: іс ведомстволар арасында неге ауысқан?
Tengrinews.kz ресми сауалына жауап берген ІІМ өкілдері істі Алматы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тергеп жатқанын мәлімдеді.
Құқық қорғаушы Инга Иманбай редакция тілшісіне берген сұхбатында істің шамамен бір жыл бойы Алматы Полиция департаментінде болғанын айтты.
"Біз, жәбірленуші тарап ретінде, ІІМ мен Алматы полициясына сенімсіздік білдірдік. Бас прокуратураға жүгініп, істі тергеу үшін ведомствоаралық топ құруды сұрадық. Осыдан кейін іс Антикорға берілді, ал кейін ол ҰҚК құрылымына өтті", – деп түсіндірді ол.
ҰҚК Tengrinews.kz ресми сауалына жауап бере отырып, істі алдын ала тергеу ведомство қарауында екенін растады.
Алайда, ҰҚК-де, құқық қорғаушы Инга Иманбай да істің қай бап бойынша тергеліп жатқанын нақтыламады.
Ақнәрдың құрбыларының нұсқасы
Бұған дейін Ақнәрмен бірге болған құрбылары - Рана мен Дидардың нұсқасын жазған едік. Олар сол түні пәтерде бірге болған. Олардың айтуынша, қыздар үш жыл бойы дос болып, КИМЭП университетінде бірге оқыған.
Дидардың адвокаты Жандос Палманов сол кештің видеосын көрсетті: басында қыздар ән айтып, би билеп жүрген, кейін Ақнәрдің жылап тұрғаны, шашы жұлынғаны көрінеді.
Адвокаттың нұсқасы бойынша, Ақнәр шу шығарып, құрбылары оны сабырға шақырмақ болған, осылай арада жанжал туындаған.
Палмановтың айтуынша, оның қорғауындағы Дидар қыз құлаған сәтте жуынатын бөлмеде болған және оқиғаға қатысы жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!