Әлеуметтік желілерде Степногорск қаласында ықпалды тұлғалардың қатысуымен төбелес болды деген ақпарат тарап жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, видеодағы жанжал кезінде прокуратура қызметкері зардап шеккен болуы мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде Степногорск қаласында түсірілді делінген видео тарады. Бейнежазбада ер адамдар мен әйелдердің қатысуымен жол үстіндегі жанжал көрсетілген.
"Степногорск қаласының ықпалды адамдары қоғамдық орында жанжал шығарып, жазасыз қалған көрінеді, өйткені істе прокуратура қызметкерінің есімі аталады. Бейнежазбадан оның соққыға жығылғанын көруге болады", - деп жазды видео авторлары.
Прокуратураның жауабы
Tengrinews.kz тілшісінің сауалына берген жауапта Ақмола облыстық прокуратурасы аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері оның нәтижесі туралы қосымша хабарланатынын атап өтті.
Сонымен қатар ведомство жанжалға прокуратура қызметкерінің қатысы бар-жоғы туралы ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығарған жоқ.
Полиция не дейді?
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, видеоға түсіп қалған оқиға 16 мамырда Степногорск қаласындағы ойын-сауық мекемелерінің бірінің жанында болған.
"Шақырту бойынша келген полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтады. Ер адамдар бір-бірін таниды және ешқандай шағымы жоқ екенін айтты", - деп хабарлады ведомство.
Полиция департаменті тараптардың бір-біріне шағымы жоқтығына қарамастан, қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі заңда белгіленген тәртіппен тіркелгенін атап өтті.
"Агрессивті мінез-құлық танытқан Степногорск қаласының 27 жастағы тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды", - деді полиция.
Ведомствоның баспасөз қызметі де төбелеске қатысушылардың қадағалау органының қызметкерлері екенін нақтыламады.