Әлеуметтік желілерде Шымкенттегі мопед жүргізушісі мен полицейдің видеосы қызу талқыланып жатыр. Оқиғаға қатысты полицияның баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео TikTok әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған. Кадрларда мопед жүргізушісінің полицейлерден қашып бара жатқаны анық көрінеді әрі бұл оған аса қиындық туғызбаған. Қызметкерлердің бірі оны қуып жете алмаған соң, артынан тас лақтырады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Видео лезде тарап, мыңдаған репост жинады. Пікір жазғандардың бірі мопед жүргізушісін қолдаса, енді бірі полицейлердің жұмысы оңай емес екенін атап өткен.
"Қару орнына тас қолданды", "Айыппұл салғысы келген, бірақ қашып кетті", "Мен жетпесем, тас жетеді", - деген сынды пікірлер жазылған.
Шымкент Полиция департаменті оқиғаның өткен аптада болғанын растады.
"Мопед жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, полицейдің заңды талабын орындаудан бас тартқан, сол арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Ол ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полицейдің әрекеті ішкі тәртіп нормаларына сәйкес келмегендіктен, оған қатысты қызметтік тексеріс тағайындалды", – делінген Полиция департаменті хабарламасында.
Баспасөз қызметі мәліметінше, қызметтік тексеріс нәтижесінде полицейдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!