Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысы Алғабас ауылында болған қайғылы оқиға туралы айтып, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кіріскенін айтты.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың баяндамасына сәйкес, кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Екі қабатты үй толық өртке оранып, шатыры ішінара опырылған.
"Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілген, өрт сағат 07.22-де сөндірілген", - деді Бозымбаев.
Өкінішке қарай, оқиға орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы - бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
"Оқиға орнында тергеу жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Әзірге қылмыс құрамы жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша соталды тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі)", - деп баяндады Қанат Бозымбаев.
Олжас Бектенов зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетілетінін атап өтті.
Еске салайық, 18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты, тоғызы - бала.
Кейін қайғылы жағдайға байланысты Үкімет комиссиясы құрылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!