Мамырда Екібастұзда бір жасар ұлымен бірге артқа жүріп келе жатқан "ГАЗельдің" астына түскен жас ананың оқиғасы қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Әйел ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен болатын. Апаттан кейін арада бір айға жуық уақыт өткенде ол ауруханадан шығарылды. Зардап шегуші Tengrinews.kz тілшісіне жүк көлігінің астында қалған сәтте не болғанын және жол апатынан кейін қандай қиындықтарды бастан өткергенін алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді.
Не болды?
Жол-көлік оқиғасы биыл 24 мамырда Екібастұзда болған еді. Ол кезде "ГАЗель" жүргізушісі артқа қарай маневр жасап жатып, қолында баласы бар жаяу жүргіншіні қағып кетті. Бұл қорқынышты видео бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған болатын.
Ауыр жарақат алған 27 жастағы әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, апат дерегі бойынша тергеу басталды.
"Біз бұл жерде балалармен үнемі жүретінбіз"
Сол күні Екібастұз тұрғыны (жас келіншек аты-жөнін атамауды өтінді) бір жасар ұлымен бірге күйеуінің алдынан шығуға бара жатқан. Олар бүкіл отбасымен осы ауданда жиі серуендейтін болған.
"Сол күні мен онымен WhatsApp арқылы сөйлесіп, бірнеше секундқа тоқтаған едім. Дәл сол сәтте арқамнан қатты соққы сездім. Соққының қатты болғаны сонша, ұлым қолымнан ұшып кетті. Жүк көлігі мені басып қалды. Оң аяғым мен қолымды сезбей қалдым. Көлік артқа қарай жылжи бастағанда, мен тек дөңгелектерді көріп, басымды бұрып үлгердім. Әйтпесе, ол басымды басып кетер еді", - деп еске алады зардап шегуші.
Жас келіншек сол сәтте тек баласын ойлағанын айтады.
"Ұлым қатты жылады, мен жүргізушіден оны қолына алуын өтіндім. Кейін баланы бір әйел алып, жұбата бастады. Жүргізушінің "Тұрыңыз, тұрыңыз" дегені есімде. Бірақ мен тіпті қимылдай алмадым. Тек ұлымның аман болғанын ойладым".
Бала ешқандай жарақат алмаған, ал оның анасы сынықтармен жансақтау бөліміне жатқызылды. Зардап шегушінің айтуынша, оқиғаға дейін ол жерде көліктердің, әсіресе жүк көліктерінің жүргенін көрмеген.
"Мен артымнан көліктің жақындап келе жатқанын естімедім, өйткені қатардағы жолдан көліктердің шуы үнемі естіліп тұратын. Біз ұлыммен көлік қозғалысына арналмаған тротуармен келе жатқан едік, арқамнан көлік шығады деп күтпедім және маған қауіп төнуі мүмкін деп ойламадым", - дейді ол.
"Аяғымды бөлшектеп жинады"
Апаттан кейін зардап шегушіге екі рет ота жасалды.
"Бір апта бойы аяғымды тартқызып қойды. Аяғым мен бұғанамды бөлшектеп жинап, кейін екі ота жасады. Бұғанама металл пластина, ал аяғыма штифт салды. Дәрігерлер қалпына келу үшін бірнеше ай қажет екенін айтады. Қазірше отыруды үйреніп жүрмін, кейін қайтадан жүруді үйренуім керек. Тек бір жылдан кейін ғана пластина мен штифтті алып тастайды", - деді зардап шегуші.
Оның туыстары да оқиға жаяу жүргіншілерге арналған учаскеде болғанын айтады.
"Ол жерге тротуар плиткасы төселген. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, ол жерде көліктер жүрмеуі тиіс. Дүкен жанында тұрақ орындары бар, бірақ олар жаяу жүргіншілер аймағынан тыс жерде орналасқан", - дейді зардап шегушінің анасы.
Екібастұз әкімдігі бұл аумақтың тек жаяу жүргіншілерге арналғанын растады. Апаттан кейін тротуар жиегіне металл бағандардан қоршау орнатылды.
"Бұған дейін кейбір жүргізушілер бұл аумақпен өз бетінше, заңсыз жүріп өткен. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көліктің бұдан былай рұқсатсыз қозғалысына жол бермеу мақсатында полиция басқармасының нұсқамасы негізінде жаяу жүргіншілер аймағына кіруді шектейтін сигналдық бағандар орнатылды", - деп түсініктеме берді Екібастұз қаласының әкімдігі.
Жол апаты бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұған дейін зардап шегушінің туыстары оқиғаның толық көрінісін қалпына келтіру үшін куәгерлерден көмек сұрап, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштердегі жазбаларды табуға жәрдемдесуді өтінген болатын.
Маңызды: жүк көлігінің "көрінбейтін аймағына" түсіп қалмау жолдары
Мұндай жол-көлік оқиғалары көбінесе ірі габаритті көліктердің көру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан болып жатады. Жаяу жүргіншілерге мыналарды есте сақтау маңызды:
- Жүк көліктеріне, әсіресе оның артына жақын бармаңыз - жүргізуші сізді көрмеуі мүмкін;
- Артқа жүру шамы жанып тұрған немесе маневр жасауға дайындалып жатқан көліктің артынан жолды кесіп өтпеңіз;
- Тұрақтар мен дүкендер жанында жүк көліктерінен барынша қашық жүріңіз;
- Егер көлік артқа қарай қозғала бастаса - тоқтап, жол берген абзал.