ПОДЕЛИТЬСЯ
07 маусым 2022 | 06:41
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы екінші жеңісіне қол жеткізді
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының екінші турында Словакияны жеңді. С дивизионының 3-тобындағы кездесу Трнава қаласында өтіп, 1:0 есебімен қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының екінші турында Словакияны жеңді. С дивизионының 3-тобындағы кездесу Трнава қаласында өтіп, 1:0 есебімен қазақстандық команданың жеңісімен аяқталды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандықтар матчты, әдеттегідей, 5-4-1 жүйесімен өткізді. Ортада Рамазан Оразов керемет ойқастады. Оған Абат Айымбетов пен Сұлтанбек Астанов қолдау білдірді. Сөйтіп, екінші минутта Сергей Малый қарсылас қақпасына алғашқы соққыны жасады. Бірақ ұлыбританиялық "Фулхэм" командасында ойнайтын қақпашы Марек Родак допты қайтарды.
Содан кейін Словакия допты өз бақылауына алған еді, бірақ қақпамызға тура соққы жасай алмады. Алғашқы 20 минутта Игорь Шацкий сәл сенімсіз ойнады. Ол айып алаңына асырылған доптарды қақшып ала алмай, біраз әбігерге түсті.
Бірінші таймның бел ортасынан асқаннан кейін біздің құрама шабуылда белсенді бола бастады. Соның арқасында 26-минутта гол соғылды.
Трнавада ұтылып жатқан алаң қожайындары да, Қазақстан құрамасының ойыншылары да "соңына" дейін ойнаймын деп, сары қағазды топырлатып алды. Төрешінің қаһарына Қазақстан құрамасынан Тимур Досмағанбетов пен Нұралы Әліп іліксе, Словакия сапынан Юрай Куцка мен Владимир Вайсс алды.
Ойынның алғашқы таймы аяқталар тұсында Словакияның көшбасшысы, миландық "Интердің" серкесі Милан Шкриньяр жарақатына байланысты алаңнан кетті. Оның орнына Мартин Вальент шықты.
Есесі кетіп жатқан Словакия екінші таймда бірден екі ойыншы алмастырды. Владимир Вайсстың орнына Томаш Суслов, Иван Шранцтың орнына шабуылшы Лукас Хараслин шықты. Сөйтіп, словактардың ойынына қан жүрді. Алаң иелері бірден екі қауіпті шабуыл жасады. Бірақ тың шыққан екі ойыншының соққысы қақпадан қиыс кетті.
Осы қауіпті сәттерден кейін Магомед Адиев те ойыншы алмастырды. Алаң ортасында өте жақсы ойын өткізген Оразовтың орнына Ян Вороговскийді шығарып, қорғанысты күшейтті.
Словакия құрамасының ойындағы ең қауіпті шабуылы 62-минутта тіркелді. Харалин қапталдан сытылып өтіп, Щацкиймен бетпе-бет шықты. Алайда Словакия құрамасының шабуылшысы шиырып тепкен доп қақпаның бағанасына тиді.
Ойынның 65-минутында Адиев бапкер тағы екі ойыншы шығарды. Әзербайжан қақпасына екі гол соққан Абат Айымбетовтің орнына Артур Шушеначев, ал Михаил Габышевтің орнына Бағдат Қайыров қосылды.
7 сағаттық жолдың кері әсері болған шығар. 70-минуттан кейін Қазақстан құрамасы шаршап қалды. Ойынның қарқынын түсірмеу үшін 73-минутта бапкер Самат Жарынбетов пен Владислав Васильевті алаңға шығарды.
77-минутта Словакия есепті теңестірген еді. Алаң жиегінен асырылған пасты Ладислав Альмаши сәтті пайдаланып, гол соқты. Бірақ төреші бейнеқайталаудан шабуыл басында алаң иелері ойын тәртібін бұзғанын көріп, голды есепке алмады.
Осылайша, Қазақстан қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, алты ұпаймен жеке көшбасшы атанды.
Бірінші турда Магомед Адиев шәкірттері Әзербайжанды (2:0), ал Словакия Беларусьті (1:0) жеңген еді.
Келесі матчтер 10 маусымда өтеді, Әзербайжан мен Словакия кездессе, Қазақстан Сербияда Беларусь құрамасымен ойнайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также