Айғайқұм неге ән салады?
Алтынемел Алматыдан шамамен 270 шақырым қашықтықта орналасқан. Алатау бөктеріндегі алып шаһардан ұлттық саябаққа дейінгі аралықта жеңіл көліктер де қиындықсыз өте алатын жақсы тас жол төселген.
Сегіз көліктен құралған экспедиция Алматыдан түскі 15:00-де шығып, кешкі 19:00 болды дегенде саябақтың негізгі кеңсесі орналасқан Басши ауылына келіп жетті. Артынша ауыл маңындағы қонақ күтетін үйге барып, сол маңда түнеді.
Топтың Алтынемелге түс ауа шыққаны бекер емес. Жоспар бойынша экспедиция мүшелері ұзақ жолдан тыныққан соң, таңғы салқынмен Айғайқұм деп аталатын Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан құмды төбешікке баруы тиіс болатын.
Ойларындағы жоспарды жүзеге асыру үшін олар таңертең ерте тұрып, жолға дайындала бастады. Араларында экспедицияның ең жас мүшесі алты жасар Нұржан да бар.
Айғайқұм Басшиден 50 шақырым жерде орналасқан. Екі ортаны көлік ізінен қалған қара жол байланыстырады. Бұл аралықтан түрлі жануарлар кездесуі ғажап емес. Саябақта құстардың 200-ге жуық, сүтқоректілердің 70-тен астам түрі мекен етеді.
Сонымен қатар, мұнда шөл қандырар түрлі су көздері де бар. Қара жолды еш қиындықсыз жүріп өткен көліктер легі солардың бірінен су алып, Айғайқұмға қарай бет алды.
Айғайқұм - биіктігі 150 метр, ұзындығы 3 шақырым болатын табиғаттың ерекше құбылысы.
Оның шығысында Үлкен Қалқан деп аталатын тау тұр.
Батысында Кіші Қалқан тауы орналасқан.
Ал оңтүстігінде Іле өзені ағып жатыр.
Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыратындықтан құм түйіршіктері електеніп, нәтижесінде үлкен жота пайда болған. Мұндағы құмның тазалығы соншалық – үстімен жүрген адамның киіміне шаң жұқпайды.
Бұл жайттарды естіген экспедиция мүшелері Айғайқұмды бағындыруға бет алды.
Жота алыстан аласа боп көрінгенімен, оның төбесіне шығу оңай шаруа емес. Басты кедергі - құм.
Бұл жотаны бағындыру - төмен жүріп тұрған эскалатормен жоғары көтерілгенмен тең. Өйткені қадам жасаған сайын құм төмен сырғып, аяғың өте талады.
Содан соң, құм аяқ киімге кіріп, жүрісті ауырлатады. Сол себепті төбеге аяқ киімді шешіп көтерілген дұрыс.
Алайда бұл айланы қолдану мүмкіндігі үнемі туа бермейді. Өйткені, күн ыстық кездерде құмның қызуы адам аяғын бастырмастайтын температураға дейін жетіп жатады.
Экспедиция мүшелерінің Айғайқұмға ерте келуінің себебі де осында еді. Олар төбеге құм қатты қызбай жатып көтеріліп алды.
Барлық қиындықты жеңіп, төбеге жеткен жандарды табиғаттың ғажап көрінісі күтіп тұрған еді.
Осы жерде олар "Айғайқұм неге ән салады?" деген сауалдың сырын ашты. Оның сыры жел мен құмда екен. Құм жел әсерінен қозғалысқа келгенде, одан кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас үнді естуге болады. Егер жел күшейсе, ол ұшақтың гүрілі сияқты дауысқа ұласады. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде, шығыстан салқын жел соққанда естіледі. Сонымен қатар, дыбыс адам төбе басынан құмға отырып төмен қарай сырғанда да шығатын көрінеді.
Көпшілік бұл мәліметті тексеру үшін төмен қарай сырғанай кетті. Расымен, гуілдеген дыбыс шығып, төбе басында тұрғандар құмның дірілдегенін сезді.
Айғайқұмнан аса әсерленген жұрт ұзақ уақыт бойы табиғаттың осынау бір ғажап құбылысын талқылаумен болды. Бұл есте қаларлық сапарды олар әлі талай жанға таңдана айтатынына күмән жоқ.Жалғасы бар...